Шымкентте бүйрек ауыстыруға болады
<p style="text-align: justify;"><strong>Жақында Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен АНАМ Корей университетінің госпиталі (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) екіжақты бір­лескен меморандумға қол қойды.</strong></p>
Меморандумда көрсетілгендей, медицинадағы түрлі салалар бойынша, оның ішінде бүйрек ауыстыруда Оңтүстік Кореяның жетекші мамандары жергілікті кадрларды оқытып, кеңес бермек. Сол сияқты, мұнда тәжірибе алмасу да қарастырылған.
«Қазір облыста 300 науқас созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің ақырғы стадиясы бойынша диализ бағдарламасында тұр әрі олардың саны жыл сайын көбейіп, төмендейтін түрі жоқ. Оңтүстік Қазақстанда алыс-жақын шетелдерде донорлық бүйрек ауыстыру операциясы жасалған 40 науқас есепте тұрады. Олар өмір бойы құны қымбат иммуносупрессивті дәрі-дәрмектерді тегін алып, оңалтудан өтеді. Денсаулық сақтау басқармасы бұл науқастар үшін облыстық қан орталығында қандағы иммуноспрессивтің концентрациясын тегін анықтауға жағдай жасап қойған. Бұрын олар осы зерттеуге бола Өзбекстан, Алматы, Қытайға барып келуге мәжбүр еді», – дейді бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмайлов.
Денсаулық сақтау министрлігінде бүйрек ауыстыруға кезекте 21 оңтүстікқазақстандық тұр. Өңірде трансплантациялық қызметті құруда денсаулық сақтау басқармасы ауқымды жұмыстар атқарып, қазір ағза мүшелерін трансплантациялауға, яғни, ауыстыруға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Биылғы жылдың ақпан айында оңтүстікқазақстандық мамандар трансплантология бойынша АНАМ Корей университеті госпиталінің (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) базасында және №9 Минск қалалық ауруханасы (Беларусь Республикасы) базасында оқып келді. Қажетті барлық дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдар сатып алынды, донорлар мен реципиенттер дайындалды.
АНАМ госпиталімен бірлескен меморандум аясында биылғы жылдың басында алғаш рет Қазақстанда бүйрек ауыстыру өңірлік деңгейде – Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында жүзеге асырылды. Сөйтіп, корейлік әріптестердің қатысуымен төрт пациентке сәтті операция жасалды. Қазіргі уақытта олардың барлығы күнделікті өмір салтын ұстануда. Медицинадағы осы бір аса қажетті бағытты дамытуға Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен мәслихаты зор ықпал етуде, солардың қолдауымен 2013 жылы бүйрек ауыстыру бойынша шеберлік-сыныптарын ұйымдастыруға және өткізуге жергілікті бюджеттен 18 млн. теңге бөлінді. Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында жоғары технологияның белсенді трансферті жергілікті кадрлардың біліктілігін көтеруге, әлемдік деңгейге жақындатуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде біздің өңірімізде тұрғындарға медициналық көмектің жоғары деңгейде көрсетілуіне мүмкіндік береді.
Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.