Жаңалықтар
3 мин оқу 430

Әріптестер әлемі

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналистер Александр Тараков пен Мұратбек Тоқтағазиннің «Есть в жизни магистральный путь» және «Ақмола үшін айқас» кітаптарының тұсаукесері болып өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен авторлар туындыларының кейіпкерлері қатысты.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі журналистер Александр Тараков пен Мұратбек Тоқтағазиннің «Есть в жизни магистральный путь» және «Ақмола үшін айқас» кітаптарының тұсаукесері болып өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен авторлар туындыларының кейіпкерлері қатысты.

Александр Тараков – жазу­шы-журналист, Жазушылар одағы­ның мүшесі және Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің журналистика саласы бойынша сыйлығының лауреаты. «Век журавля», «Затмение под солнцем», «Притяжение целины», «До и после миллениума», «Судьбу выверяя печатной строкой», т.б кітаптардың авторы.

«Казахстанская правда» рес­публикалық газеті» АҚ төр­аға­сының бірінші орынбасары Алек­сандр Тараковтың «Есть в жизни магистральный путь» кіта­бын­­да қазақстандық қоғамның орны­ғуының өзекті мәселелері мен мән-жайлары баяндалып әрі бүгінгі күн­нің өзекжарды проблемалары ашып көрсетіледі және ел дамуының басым бағыттары баяндалады. Туындыдағы очерк кейіпкерлері – уақытпен үндес іс-қимылдарымен өзгеге өнеге бола білген есімдері елімізге әйгілі азаматтар. Олардың қатарында: тың игеру қаһарманы Леонид Картаузов, белгілі аграршылар – ҚР ҰҒА академигі Эрвин Госсен, Ғалым Құдайбергенов, Иван Сауэр, Бари Амоев, Василий Судибор, қазақстандық журналистиканың ақсақалы Моисей Гольдберг және тағы басқа айтулы азаматтар бар. Бұл кісілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясын қолдап қана қоймай, оны жүзеге асыруға аянбай еңбек етуде. Олардың өмір жолы мен еңбек жетістіктері Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

Мұратбек Тоқтағазин – журна­лист-ғалым, «Бас редакторлар клубы» ҚБ вице-президенті, Халықаралық ақпараттық бірлестігінің, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық М.Шолохов атындағы алтын медалінің иегері, «Деректілік пен көркемдік», «Әйгілі Әзаға», «Бүтін бітім» және басқа кітап-жи­нақтардың авторы. Оның «Ақмола үшін айқас» кітабына автордың әр жылдарда жазған очерктері, елімізге танымал тұлғалармен сұхбаттары және публицистикалық мақалалары енгі­зілген. Олардың арасында қазақ журналистикасының көрнекті өкілдері Сауытбек Абдрахманов, Нұртөре Жүсіп, Сейфолла Шайын­ғазы, Талғат Батырхан, Әнуарбек Әуелбек және басқалар бар.

Ұлт руханияты мәселелеріне бейқам қарамайтын көпшілік қауымға арналған кітап екі бөлім­нен тұрады. Алғашқы бөлімі «Жыл­дар жаңғырығы» деп аталып, он­да автордың әр кезеңде жазған очерктері мен бүгінгі таңдағы өзек­жарды мәселелері туралы терең талдауға құрылған сараптамалық мақалалары топтастырылған. Ал екінші бөліміндегі есімдері елімізге әйгілі журналистика майталмандары, ғалымдар мен әдебиеттанушылар туралы материалдар мен сұхбаттар қалың оқырманды бейжай қалдыр­масы анық.

Қалың оқырманға арналған қос кітап – Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті тарапынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көріпті.

Басқосуда алғашқы болып сөз алған Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Арыстанбек Нұрмаханов тұсаукесер иелерін жаңа кітаптарымен құттық­тап, белгілі журналист Мұратбек Тоқтағазинге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс етсе, «Бас редак­торлар клубы» қоғамдық бір­лес­тігінің төрағасы Кенжеболат Жолдыбай еңбегімен ел құрметіне бөленген біраз әріптестерін «Алғыс хатпен» марапаттады.

Содан соң тұсауы кесіліп оты­р­­ған қос кітаптың авторлары Александр Тараков пен Мұратбек Тоқтағазин жиналған көпшілікке өз туындылары туралы кеңірек баяндап өтсе, академик Эрвин Госсен, жазушылар Сұлтан Оразалин, Несіпбек Айтұлы мен Әлібек Асқар, журналистер Бәдуан Имашұлы мен Талғат Батырхан, қоғам қайраткері Марат Нәбиев пен ғалым Рахымжан Тұрысбек кітап жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, авторларға алдағы уақыттарда шығармашылық табыстар тіледі.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу:
Әріптестер әлемі · Egemen Qazaqstan