"Алматы – Ұлан-Батыр" жаңа әуе рейсі ашылды
<p style="text-align: justify;">Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Үкіметінің Атқарушы агенттігі – Азаматтық авиация бас басқармасы және "Хунну эйр" әуе компаниясының басшылығымен бірге аталған компанияның "Ұлан-Батыр – Алматы – Ұлан-Батыр" бағытындағы әуе қатынасын ашуға арналған баспасөз конференциясына қатысты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>
Елші өз сөзінде Қазақстанның ең ірі мегаполисі мен Моңғолияның астанасы арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуымен құттықтап, 2019 жылғы 10 қазанда Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Моңғолияның Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсухтың арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген осы бағыт бойынша әуе қатынасын ашу жөніндегі уағдаластықтың толық орындалғанын атап өтті.
Аталған жаңа әуе бағыты екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы байланыстардың қарқынды дамуына мүмкіндік беретіні айтылды.
Бүгін "Хунну эйр" әуе компаниясының ұшағы "Ұлан-Батыр – Алматы – Ұлан-Батыр" бағыты бойынша алғашқы репатриациялық рейсті орындады. Әлемдегі эпидемиялық жағдай жақсарғаннан кейін ұшудың нақты жиілігі белгіленеді.
