Саясат
2 мин оқу 264

Швейцариямен іскерлік белсенділік жанданады

<p style="text-align: justify;">Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов Швейцарияға жұмыс сапарымен барып, Швейцарияның экономика жөніндегі мемлекеттік хатшылығымен және Швейцария бизнесі өкілдерімен келіссөздер жүргізді.</p>

Швейцариямен іскерлік белсенділік жанданады

15 қазанда Сауда келісімдері жөніндегі Федералды кеңестің уәкілетті өкілдері Эрвин Боллингер және Маркус Шлагенхофпен екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын дамыту және олардың көпжақты плат­формалардағы өзара іс-қимылдарына қатысты кездесу өтті.

Б.Сұлтанов пен Э.Боллингер Сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақ­стан-Швейцария үкіметаралық комис­сиясының тең төрағалары бола отырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыстардың барысын талқылап, оларды іс жүзінде жүзеге асырудың алдағы жоспарларын белгіледі. Пандемияның салдары Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық қатынастарда да көрініс тауып, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне себеп болғаны атап өтілді. Қазіргі уақытта екі тараптың күш-жігері шикізаттық емес тауарлардың екіжақты сауданы сапалы кеңейтуге және бірлескен жобаларды жасауға бағытталған.

Көпжақты тақырыптар бойынша белсенді пікір алмасу кезінде швей­цариялық тарап халықаралық ұйымдар шеңберінде Қазақ­станмен өзара әрекеттесу деңгейін жоғары бағалады. Атап айтқанда, көпжақты саудаға жауап беретін М.Шлагер­хофпен қазақстандық министр ДСҰ-ның даму тенденцияларын және пандемияның салдары мен протекционистік сезімдердің өсуімен қиындатылған қазіргі жағдай­дағы ұйымның жаһандық платформа ретін­дегі рөлін талқылады. 2021 жылы ДСҰ елдерінің 12-ші Министрлік конференциясын өткізуге Қазақстанның дайындығын растай отырып, Б.Сұлтанов Нұр-Сұлтанда Федералдық президент бастаған швейцариялық делегация­ны қабылдауға қуанатынын атап өтті.

Б.Сұлтанов Bucher Industries хол­дингінің кеңесін қоса басқаратын, economiesuisse Швейцария кәсіпкерлер қауым­­дастығы Сыртқы экономикалық комис­­сиясының президенті Филипп Мози­маннға Қазақстан экономикасының басым сек­торларының дамуына сараптамалық талдау жасау негізінде іскерлік байланыстарды дамытуды ұсынды. Швейцариялық өнеркәсіпші бұл идеяны қолдап, ынтымақ­тастыққа дайын екенін растады.

16 қазанда швейцариялық Militzer & Münch International логистикалық холдингі­нің басшылығымен келіссөздер өтті. Аталған компанияның негізгі нарықтары – Еуразия мен Таяу Шығыс елдері. Іс жүзінде компания «Бір белдеу – бір жол» трансконтинентальдық көлік жобасының ауқымды әлеуетін іске асырады. Швейцария бизнесі осы жобаның келе­шегін көріп, оны жүзеге асыруға қаты­суға үлкен қызығушылық танытып отыр. Ноу-хау мен инновацияның нәтижесінде Швейцария кәсіпорындары маңызды рөл атқарса, Қазақстан бұл тұрғыда жан-жақты қолдау мен оңтайлы жағдай ұсынуға дайын.

Сапар соңында Б.Сұлтанов поршенді ком­прессорлар өндірісі бойынша әлемдегі көш­басшы Burckhardt Compression кәсіп­орнында болды. Компанияның бас директоры Марсел Павличек «Швейцария-ТМД» бір­лес­кен сауда палатасының да президенті екенін айта кеткен жөн. Ол компания үшін қазақ­с­тандық нарықтың, әсіресе Қазақстанның ЕАЭО-ға қатысуы жағдайындағы маңызды­лығын атап өтті. Сондай-ақ тараптар сарап­шыл­ардың тұжы­рымдарын басшылыққа алып, қазақ­стан­дық экономиканың басым сектор­лары­ның әлеуетін іс жүзінде жүзеге асыруға назар аударуға келісті.

Бөлісу:
Швейцариямен іскерлік белсенділік жанданады · Egemen Qazaqstan