Қоғам
2 мин оқу 900

Аққулардан тараған ауру

<p style="text-align: justify;">&laquo;Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады&raquo; дегенді осындайда айтса керек. Бесқарағай ауданы, Баскөл ауылында құс тұмауына байланысты карантин жарияланды.</p>

Аққулардан тараған ауру

Алғашында құс тұмауына қатысты карантин еліміздің 7 облысында, 78 елді мекеніне енгізілген еді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы минис­трлігі ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитеті төраға­сы­ның орынбасары Тұрсын Қабдолданов мәлімдеген.

Ал Бесқарағай ауданында шыққан құстардың індеті алғаш 30 қыркүйекте тіркеліпті. Ветеринар мамандарының айтуынша, мұндағы құс тұмауы ауылға жақын маңдағы көлге ұшып келген аққулардан та­раған сияқты. Баскөл ауылы­ның маңында үлкенді-кішілі көлдерден 200-ге жуық аққу ұшып-қонып жататын. Індет бұдан әрі тарамауы үшін ауыл азаматтары мен ветеринар са­ла­сының мамандары үр­кітіп, ұшырып жіберген. Қазір­гі уа­қытта жеті-сегіз аққу ғана жүр.

Ауыл шаруашылығы минис­трлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комите­тінің Бес­қарағай аудандық аумақ­тық инспекциясының басшысы Еренғайып Табыл­диннің айтуынша, ауылдағы құстарға вакцина егілді. Тұмау көбінесе қаздарға жұққан. Үй құстарының жүрістері шал­қалақтап, дене қызулары кө­те­рілген. Ал үйрек пен та­уықтардан мұндай белгі бай­қалмады. Әзірше ауылдағы құстардың барлығы қамауда. Құс­тарды ветеринарлар үнемі қадағалауда ұстап отыр. Ауыл­­дың бас-аяғына бекеттер қойылып, 18 адам күні-түні жұмыс істеуде.

– 28 қыркүйекте Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі вете­ринарлық бақылау және қа­дағалау комитетінен ауыл­дағы құстарды шығармай, қамауда ұстау туралы нұсқау келген. Сол нұсқау негізінде ауыл тұр­ғындарына ескерту жасалды. 29-30 қыркүйек күн­дері көлге жақын үйлердің құс­тарынан ауру белгілері байқалған. Үш қаз өліп, 11 қаз­дан патогендік құс тұмауына күдік туған. Хабар түсе сала көл маңындағы үш үйдің құ­сынан сынама алынып, Нұр-Сұлтандағы ветеринариялық ұлттық референттік орталыққа жіберілді. Зертхана нәтижесі оң белгісімен 2 қазанда келді, – дейді Бесқарағай аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Е.Табылдин.

Қауіптің өршіп кетпеуі үшін көл жағасындағы 6 үйдің 201 бас тауығының, қаз-үйрегінің көзі жойылған. Оған өтемақы төлеу-төлемеу мәселесі жер­гілікті биліктің құзырында. Егер әкімдіктегі шаруашылық кітабында құстардың тізімі болса, шығын өтелетін көрінеді.

Бүгінгі таңда Баскөл ауылында республикалық эпиде­мияға қарсы отрядтың маман­дары жұмыс жүргізіп жатыр. Ауданда жалпы саны 25 мың­нан астам құсқа екпе жасалды. Ал карантиннің қашанға дейін жалғасары белгісіз.

Шығыс Қазақстан облысы

Бесқарағай ауданы

Бөлісу:
Аққулардан тараған ауру · Egemen Qazaqstan