Оқиға
3 мин оқу 435

Ауыл әйелдерінің әлеуметтік белсенділігі артуда

<p style="text-align: justify;">&laquo;Ауыл әйелдерінің ауылдағы өмір сапасын арттырудағы бас&shy;тамалары және Тұрақты Даму Мақсаттары-2030 жетістігі&raquo; атты Қазақстанның Ауыл әйелдерінің ІІІ Республикалық форумы өтті. Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың форум қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізді.</p>

Құттықтауда айтылғандай, бүгінде ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан ауыл­ды дамыту мемлекеттік сая­сат­тың басым бағыты болып отыр. Бұл ретте әйелдердің әлеуе­тін күшей­­туге ерекше мән бері­леді, жыл сайын олардың эко­номи­калық белсенділігі мен әлеумет­тік жауап­кершілігі артып ке­леді. Бұған бүгінде әйелдер өз кәсіп­орындарын ашып, шаруа қо­жалықтарын басқарып, бірегей өндірістерді іске қосып, мыңда­ған адамды жұмыспен қамтып отырғаны дәлел.

Өз сөзінде Ләззат Рамазанова агро­өнер­кәсіптік кешенді дамы­ту­дағы ауыл әйел­дерінің маңызды рөлін атап өтті. «Қазақ­стан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруа­шы­лығын өркендетпей бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін айтып, ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту бойынша маңызды мін­дет­терді айқындады. Бұл міндеттерді іске асыруда, әрине ауыл әйелдеріне үлкен және жауапты рөл бөлінген. Ауыл­дағы әйелдердің кәсіпкерлік бас­тама­ларын қолдау түрлі мем­лекеттік бағдар­ламалар арқылы жүзе­ге асырылады. Бүгін­де ауыл­дағы шағын, орта бизнес субъек­­тілерінің жалпы санының 42,2% әйелдер басқарады», деді Л.Рамазанова.

Ұлттық комиссия төрағасы отбасылық дәстүрлерді сақ­тау­дағы ауыл әйелдері рөлінің маңы­зына тоқталып, бүгінде ауылда 2 млн-ға жуық отбасы (44,5%) тұратындығын атап өтті.

«Ежелден отбасы қоғамдағы бірлік­тің, бейбітшілік пен келі­сімнің символы болған Қазақ­стан үшін бұл өте маңызды. Сон­дық­тан еліміздің барлық өңірлер­інде отбасы институтын нығайту және дамыту мақсатында жүйелі жұ­мыс жүргізілуде. Ауыл әйел­дерін ілгерілетудің негізгі мәсе­ле­лері 2030 жыл­ға дейінгі отба­сылық және гендерлік саясат тұ­жы­­рымдамасында көрініс тап­қан», деді Л.Рамазанова.

Ол сондай-ақ пандемия кезін­де қабылданған мемлекеттік қол­дау шаралары ауылдағы кәсіпкер әйелдер үшін де маңызды екенін атап өтті. Бұл қарыздар, кредит­тер және салықтар бойынша өсім­­пұлдарды, айыппұлдарды жою, мемлекеттік сатып алуларды жүр­гізу тәртібін оңайлату, бюд­жетке төленетін салықтық және өзге де төлемдерді кейін­ге қал­дыру, салықты есептеу мен тө­леуді 6 айға күшін жою және басқа да бірқатар шара­лар. Алай­да объективті отбасы­лық мән-жайлары мен міндет­те­мелері бар әйелдердің пайдасына шешуді қажет ететін де мәселелер бар.

Жыл сайынғы ауыл әйел­дері­нің форумы Парламент, мәсли­хат депутаттары, орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дары­ның басшылары мен мамандары, ауыл интеллигенциясының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың бел­сенділері қатысатын ауыл әйелдерінің әлеуметтік белсен­ділі­гін арттыруға бағытталған сын­дарлы диалог алаңына айнал­ды.

Л.Рамазанова форумда ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудағы әйелдердің рөлін одан әрі жандандыру бойынша бірқатар нақты міндеттерді алға тартты. Сондай-ақ форумда жылдың үздік белсенділері – аза­маттық қоғам, бизнес және агро­өнеркәсіптік кешен, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ауылдық жерлерді дамытуға үлес қосып жүрген үздік ауыл ең­бек­керлері анықталды. Сонымен қатар «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйел­дері/100 историй успеха сельских женщин» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Форумның ұйымдас­тыру­шылары мен ресми серіктестері ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комис­сия­ның және Coca-Cola халық­ара­лық қорының, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұл­тан­дағы Бағдарламалар офи­сінің қол­дауымен «Жасыл эконо­мика және G-Global-ды да­мыту Коалициясы ЗТБ, «EXPO&WOMEN» ҚМ, «Қазақ­стан әйел­дерінің аграрлық одағы» ЗТБ, «Әлеуметтік динамика» қоры бір­лесе жұмыс атқарып келеді.

Бөлісу:
Ауыл әйелдерінің әлеуметтік белсенділігі артуда · Egemen Qazaqstan