Жаңалықтар
1 мин оқу 271

Украина оппозициясы билікті заңсыз басып алмақшы

06 12 - Ukraina miting«Оппозиция өкілдерінің билікті басып алу әрекеттері заңсыз әрі конституцияға сай емес», – деді Украинаның аймақтық партия депутаты Владимир Олийнык. Бұл туралы Obozrevatel.com хабарлады.
«Оппозиция ғимараттарды басу арқылы конституцияға қайшы әрекет жасауда. Бұл тәртіпсіздіктерді тоқтатпасақ ертең олар тұрғын үйлерге кіре бастайды», – деді депутат. Ол сондай-ақ оппозиционерлердің билікке қол жеткізу мақсатында большевиктік тәсіл қолданып жатқандарын алға тартты.

Украинада жаппай наразылық акциясы 21 қарашада үкіметтің Еуропа Одағымен қауымдастық құру жөніндегі келісімге дайындықты тоқтатуынан кейін басталды. Вильнюсте өткен «Шығыс әріптестігі» саммитінде аталмыш келісімге қол қойылады деп күтілген. Алайда, саммит барысында Еуропа Одағының басшылары Украина президенті Виктор Януковичті қауымдастық жөніндегі келісімге қол қоюға көндіре алмады. Осы кезден бастап еуроинтеграцияны қолдаушылар мемлекеттік мекемелерді басып алуға әрекеттеніп, күнделікті наразылық акцияларын өткізіп тұрды. Тіпті олар күннің суығына қарамастан алаңда қона бастаған.

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Obozrevatel.com

Бөлісу:
Украина оппозициясы билікті заңсыз басып алмақшы · Egemen Qazaqstan