Қоғам
3 мин оқу 870

Жұмыс таппай сенделіп жүргендер жоқ

<p style="text-align: justify;">Осыдан алты жыл бұрын &laquo;Серпін&raquo; бағдарламасы қолға алынып, оңтүстіктің жастары солтүстік пен шығысқа бет түзеді. Білім алып, жұмыс істеуді мақсат етті. Сол уақыттарда &laquo;Серпіндіктер&raquo; сенделіп қалмай ма? Оқу орындарының есігі айқара ашылғанымен, ертеңгі күні жұмыспен қамтыла ма?&raquo; дегендей ой-пікірлер де айтылған-ды.</p>

Жұмыс таппай сенделіп жүргендер жоқ

Алғаш рет 2014 жылы жас­тар­дың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» мем­лекеттік бағдарламасы қабыл­дан­ған еді. Содан бері көптеген жас облысымызда оқу оқып, жұ­мыс­қа орналасты, отбасын құрды. Әртүрлі себептермен «ауылым қай­дасың?» деп қайтып кеткендері де жоқ емес. Дегенмен «Серпін» бағ­дарламасымен оқуға түскен жас­тарға мемлекет тарапынан жағ­­дай жасалып-ақ жатыр. Жыл са­йын гранттар бөлінеді, жақсы оқығандарға стипендия таға­йын­дал­ған, жатақханамен қам­тыл­ған. Кейін оқу орындарын тәмамдап, жұмысқа орналасқан соң үй кезе­гі­не тұруға болады. Айта кетерлігі, әлеуметтік жеңілдіктерге сәйкес олардың өтініштері басқа өңірден қоныс аударушылар ретінде жеке қаралады.

Шығыс Қазақстандағы «Сер­пін-2050» штабының жетек­ші­сі Лейла Төлеубайқызының айтуынша, «Серпін» жобасының аясында облыстағы жоғары білімді мамандарды даярлауға 11 оқу орны қатысқан. Қазіргі таңда С.Аман­жо­лов атындағы университетте 689 түлек білім алып жатыр. Оның ішін­де Түркістан облысынан – 302, Қызылорда облысынан – 156, Ал­ма­ты облысынан – 193, Жамбыл об­лысынан – 32, Маңғыстаудан 6 та­лапкер келген.

Жалпы, жоғары оқу орнын бі­тір­­­ген­дердің бірі жұмысқа орналасса, енді бірі өз қалауларымен әрі қарай білімдерін жалғастырады. Мысалы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­­вер­­ситеті республиканың 24 жо­­­ға­ры оқу орнымен бірге атал­ған бағдарламаны жүзеге асыруға қаты­сып келеді. Мұнда 22 маман­дық бойынша білім беріледі.

– Біз шығысқа 2014 жылы алғашқылардың бірі болып келдік. Шынын айту керек, біздің білім алуымыз үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалды. Әрине, о бас­та «серпіндіктер» аз ұпаймен түсіп жатыр деген мәселенің басы қылтиған. Бірақ әркім өз білімімен түсті деп ойлаймын. Дипломдарын алып, жұмысқа орналасып, осында тұ­рақ­­тап қалған қатарластарымыз көп. Өзім де Өскеменде қалатын сияқ­ты­мын, – дейді «Серпіннің» түлегі Бақдәулет Мұхитдинұлы.

Рас, шығысқа қоныс аудар­ған­­дар көп. Бірақ қазақ баласы үшін Қазақстанның қай пұшпағы болсын өз жері, өз елі емес пе?! Оң­­түс­тіктен оқу оқимын деп ке­ліп, бақытын тапқандардың бірі – Назым Айтуғанқызы.

– «Серпін» бағдарламасының жеңілдіктері жеткілікті. Төрт жыл бойы студенттер үйімен қам­та­ма­сыз етеді, жолақысы төле­не­ді. Мен оқуым­ды тәмам­да­ған соң шығыста жұмысқа орна­ластым. Сонымен қа­тар магис­тра­тураға тапсырдым. Биыл тұр­мыс­қа шығып, Өске­мен­нің келіні атандым, – дейді қызылор­да­лық Назым.

Статистикалық мәліметтерге сүй­ен­сек, биыл диплом алған түлек­тердің 98 пайызы Шығыс Қазақстанда еңбек етіп, оқуларын жалғастыру үшін қалған.

– Қазіргі таңда коронавирус инфекциясына байланысты студенттер қашықтан білім алуға көшкені белгілі. Алайда онлайн оқуға мүм­кін­діктері жоқ «серпіндіктер» мен әлеу­меттік жағдайы төмен студент­тер үшін жатақхана wi-fi же­лі­сі­мен қамтылып, тиісті жағ­­дайлар жасалды, – дейді «Серпін-2050» жетекшісі.

Ал «Серпін-2050» мемлекеттік бағ­­­дарламасы Д.Серікбаев атын­­да­ғы Шығыс Қазақстан тех­ни­ка­лық университетінде 2015 жылы басталды. Алғашында педаго­ги­ка­лық мамандықтар оқы­ты­лып, кейіннен техникалық және ауыл­шаруашылық мамандарын даяр­лай бастады. Аудан әкім­дік­тері­мен бірлесіп, қажетті кадр­лар тізімі бекітілді. Білім алып жат­қан «серпіндіктер» өңірдегі «Казцинк», «AES», «Үлбі метал­лур­гия зауыты» АҚ, Өске­мен жылу жүйелері сынды кәсіп­орын­дар­­да практикадан өтеді. Бүгінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Серпін-2050» бағдарламасы бо­йынша 242 студент оқып жатыр.

Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстан облы­сының техникалық және кәсіп­тік колледждерінде де гранттар бөлінеді. 2020-2021 оқу жылында жалпы 10 колледжде 276 оқушы білім алып жатыр. Бұл жоба негі­зін­де техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері студенттердің өнді­рістік тәжіри­бе­­­ден өтуі үшін 87 кәсіп­орынмен келісім жасасқан.

Иә, о баста «Серпін-2050» бағ­дар­ламасына күмәнмен қара­ған ата-ананың күмәні сейілді. Керісінше, үйден жырақта жүріп жылы орнын тауып жатқан ба­лаларының әр жетіс­тігіне қуа­нып оты­ратын болды. Ең бастысы, жұмыс таппай сен­де­ліп жүрген «серпіндіктер» жоқ.

Шығыс Қазақстан облысы

Бөлісу:
Жұмыс таппай сенделіп жүргендер жоқ · Egemen Qazaqstan