Жарнама
 
Экономика
2 мин оқу 284

Өңірдің даму қарқыны артты

<p style="text-align: justify;">Таяуда бейнебайланыс ар&shy;қылы өткен облыс әкі&shy;мі&shy;нің аппарат мәжі&shy;лісінде облыстың 2020 жыл&shy;ғы әлеу&shy;меттік-эконо&shy;ми&shy;калық даму қоры&shy;тын&shy;ды&shy;лары мен 2021 жыл&shy;ға ар&shy;налған міндеттер тал&shy;қыланды.</p>

Өңірдің даму қарқыны артты

Облыстық экономика жә­не бюджеттік жос­парлау бас­қармасының бастығы Гүл­барам Мұсағазинаның айтуынша, былтырғы жыл­дың қо­рытындысы бойынша аймақ­та оң өсім бай­қалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің өсімі – 7,4 пайызға, өңдеу сала­сындағы өсім – 20,2 пайызға, ауыл шаруа­шылығындағы өсім – 20,8 пайызға, құрылыс жұ­мыстарында – 28,4 пайыз, тұрғын үйлерді іске қосудағы өсім 3,1 пайызға артқан. Облыс экономикасына 329,5 млрд теңге инвестиция тартылды.

Гүлбарам Мұсағазина әр аудан мен қала­лардағы қол жет­кізілген жетістіктерге жеке-жеке тоқталды.

– Өткен жылдың басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1,5 трлн теңге пайда түсірген. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі аудан­дардағы кәсіп­орындардың үйле­сімді жұмысы нәти­жесінде қам­тамасыз етілді. Меңдіқара ауданында сары май мен сүзбе өндіру жолға қойылды, жылу энергиясы мен ауыз су тарту жұмыстары қарқын алды, – деді ол.

Қарасу ауданында ұн, нан, тауарлық бетон өндірісі жолға қойылды. Қостанай қала­сында болаттан жасалған шанақтар мен түр­лі техникалардың қосалқы бөлшек­терін, трак­торлардың, жеңіл және жүк автомо­биль­дерін шығару қарқыны күшейді. Сондай-ақ шұжық пен ұн нары­ғында өсім байқалады. Қара­балық ауданында қиыршық тас пен жем шығару көлемі өсті.

Аппарат жиынында айтыл­ғандай, ауыл шаруа­шылығы өнімінің 75 пайыздан астамы аймақтағы Қарасу, Қостанай, Федоров, Сарыкөл, Меңдіқара, Қарабалық, Әулиекөл, Ұзынкөл, Қамысты және Бейімбет Майлин аудан­дарына, сонымен қатар Арқалық қала­сына тиесілі.

Өңірлерде құрылыс индустриясы қарқын­ды өсіп келеді. 2020 жы­лы облыста 379,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді.

Облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетов әлеу­меттік-эконо­микалық көрсеткіштерді жақ­сар­ту бойынша тиісті басқармалар мен аудан-қалалардың басшыларына тапсырма жүктеді.

– 2020 жыл ешкімге оңай тиген жоқ. Экономиканың көптеген саласы айтар­лық­тай зиян шекті. Де­генмен негізгі макро­эконо­ми­калық көрсеткіштердің өсу қарқыны бойын­ша облыс жетек­ші орынға шықты, – деді аймақ басшысы.

Әкім атап көрсеткендей, ал­дағы уақытта да мем­лекеттік бағдарламалардың орындалуы, нысаналы индикаторлардың страте­гиялық картасының іске асуы басты назарда болады. Ең бастысы, әкім­дер жергілікті проблемаларды бақылауда ұстауға тиіс. Әлеу­меттік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштеріне оң серпін беру қажет.

Бөлісу:
Өңірдің даму қарқыны артты · Egemen Qazaqstan