Аймақтар
1 мин оқу 1,592

СҚО-да үсік шалған 5 адамның жағдайы ауыр

<p style="text-align: justify;">Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 10 күнде үсік шалған 13 адам медициналық көмекке жүгінген, бесеуіне ампутация жасалады.&nbsp;</p>

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат бөлімшесіне соңғы он шақты күнде үсік шалған 13 адам жүгінген. Олардың бесеуі ауруханаға жатқызылды.

«Бес адамның жағдайы нашар. 3-4 дәрежелі үсік алған. Яғни, суықтың әсерінен жұмсақ ет, сүйек пен буын зақымдалған. Мұндай жағдайда ампутация жасап, дененің зақымдалған мүшесін кесуге тура келеді. Үсік шалған қалған науқастарды қажетті дәрі-дәрмекті жазып, үйлеріне емделуге жібердік», дейді Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Валерий Грибашов.

Жалпы «Қазгидрометтің» мәліметінше, 25 ақпанда өңірдің кей жерлерінде бұрқасын болмақ. Солтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Ауа райының бұзылуына оңтүстіктен ойысқан циклон себеп. Аяз бен боран аптаның соңына дейін сақталмақ. Ауа температурасы күндіз -18, түнде кей жерлерде -38 градусқа дейін төмендемек.

Бөлісу:
СҚО-да үсік шалған 5 адамның жағдайы ауыр · Egemen Qazaqstan