Оқиға
2 мин оқу 273

Ауылдағылар баспаналы болды

<p style="text-align: justify;">Май ауданының әкімдігі көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін, тағы басқа да кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы жобаны қолға алды.</p>

Ауылдағылар баспаналы болды

Аудан орталығы Көктөбе ауылында талай жыл бойы бос тұрған ескі жатақхананы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша қайта жөндеу туралы шешім қабылданып, соның нәтижесінде көптеген азамат үйлі болып отыр.

Пәтер алғандардың қатарында Әрсен Төлеу, Абай Қадырбекұлы, Ба­уыржан Жұмаділ, Аяжан Беке­нова, Абай Қанатбекұлы, Мак­сим Перстнев, Мейрамгүл Жеңіс­қызы сияқты ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған жеткіншектер бар. Араларында тұр­мыс құрып, жаңадан үй болғандар пәтерлі бол­ғанына қуанышты.

– Бүгін − менің отбасымның өміріндегі бақытты күн, – дейді Мак­сим Перстнев. – Пәтер кезегін ұзақ күттік, енді өз үйімізде тұратын боламыз. Алдағы уақытта қалдық құны бойынша жекешелендіре алатынымыз қуантады.

Ал Әсият апай болса, ата-ана қамқорынсыз қалған Максим және Алексей есімді егіз немересін үш айлығынан бауырына басыпты. Ұлдары қазір 16 жасқа келді, Максим аудан орталығындағы Аграрлық кол­леджде фермер мамандығында оқиды.

Үй кезегінде тұрып, пәтер ал­ғандардың қатарында көп балалы аналар Шынар Бейсембекқызы, Сағай Күлзира, Әсем Хармаан, Әсем Қалайбекқызы да бар.

− Осылай жағдай жасап, ескі үйлерді жөндеп, тұрғындарға пәтер берсе, ауылдан ешкім кетпейді ғой. Бізден кейінгі кезекте тұрған басқа да ауылдастарымызға үй берілсе деген тілегіміз бар, − дейді көп балалы ана Шынар Бейсембекқызы.

Ал пәтер кілтін алған Фариза Майқыбаева − 12 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Жасы қазір 75-те. Бала-шаға, немерелері өсіп ке­­леді. Өмір бойы ауылда тұрып, от жағып, су тасыған апаларының жай­лы пәтер алғанына бәрі де қуа­ныш­ты. Шашу шашып, басқа да қо­ныстанушыларды құттықтады.

Сонымен қатар В.Әбенова, Ж.Гросс, Т.Құсайынов, А.Қабы­тае­ва, Ф.Майқыбаева секілді әлеу­меттік жағынан аз қамтамасыз етіл­ген отбасылар және мемлекеттік қызметкерлер Серік Башенов, Қанат Ахметов, Әйгерім Мұстаханова да пәтер кілтін алды.

– Жалпы, аудан орталығында ескі жатақхананы қайта жөндеу жобасы тұрғын үй кезегін азайтуға сеп болды. Ескі үйлерді жөндеу үр­дісі әрі қарай жалғасады. Қазір 137 тұрғын кезекте тұр. Биыл аудан бо­йынша 15 төрт пәтерлі үй салу жос­­парланып отыр. Жаңа тұрғын үй салуға бюджеттік өтінім қаралуда, − дейді аудан әкімі Марат Ақтаев.

Ал қайта жөндеуден өткен жа­тақханадағы пәтерлер заман талабына сай. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар.

Павлодар облысы

 

Бөлісу:
Ауылдағылар баспаналы болды · Egemen Qazaqstan