Руханият
1 мин оқу 711

Ұлытауға ұларды шақырады

<p style="text-align: justify;">Ұлытаудың тумасы, кәсіби музыкант Азамат Бақия он саусағынан өнер тамған шебердің нақ өзі. Ол негізінен көнеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспаптарды жасаумен, жаңғыртумен айналысады.</p>

Ұлытауға ұларды шақырады

Таяуда ол дауысы Ұлы­тауды мекен ететін ұлар құстың үніне ұқсайтын сазсырнай жасап шығарды. Шебер бұл музыкалық аспап­тың бірнешеуін Ұлытау тау­ларындағы аршаларға іліп қойды. «Бұлай істе­уіме саз­сырнайдың дауысы естілсе, ұлар құс Ұлы­тауына қайта оралар деген ой түрткі болды»,  деп тү­сіндірді мұнысын Азамат.

Айт­қандай, арша бұтақ­тарына ілін­ген аспаптар желдің лебімен ұлар құстың үнінен аумайтын дыбыс шы­ға­рып, төңіректі сазға бөлеп тұрады екен.

Бұл идеяны жүзеге асы­­ру үшін Азамат алдымен ұлар құстың үнін аудио таспаға жазып алыпты. Со­нан кейін аспапты саздан илеп жасаған да, үнін ұлар құстікінен аумайтындай қы­лып сәйкестендірген. Бір ғажабы, шебер бұл аспапты тек Ұлытаудың сазбал­шығынан ғана жасауға болатынын айтады. Әйтпесе үні шықпайды екен...

Мүсінінің өзі ұлар құс­ты еске түсіретін бұл сазсыр­найдың Ұлытауға келетін туристер үшін таптырмайтын кәдесый болатын түрі бар. Қазірдің өзінде оған деген сұраныс өте жоғары.

Өзі шебер, өзі музыкант Азамат Бақия­ның коллекция­сында әлем ха­лық­тарына және қазақ ұлтына тиесілі музы­­ка­лық аспаптың мыңға жуық түрі бар екен.

Қарағанды облысы,

Ұлытау ауданы

Бөлісу:
Ұлытауға ұларды шақырады · Egemen Qazaqstan