Саясат
3 мин оқу 690

Халық мемлекеттік қызметтер сапасына разы ма?

<p style="text-align: justify;">Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2020 жылы 70 мемлекеттік қызметті көрсету сапасына қоғамдық мониторинг ұйымдастырды. Оның қорытындысынан халықтың еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалық деңгейінің қандай екенін шамалауға болатындай.</p>

Халық мемлекеттік қызметтер сапасына разы ма?

Сауалнаманы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауы­мен «Талап» қолданбалы зерттеулер орта­лығы жүргізген. Қоғамдық мони­торингтің мақса­ты – қызметті алушылардың мемлекет­тік қызметтер көрсету сапасына, қол­жетімді­лігіне және тәртібіне қанағаттану деңгейін айқындау, сондай-ақ барлық мемлекеттік орган мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы қызмет алушылардың ұсыныстары негізінде оларды көрсету кезіндегі проблемалық мәселелерді анықтау.

Зерттеудің негізгі тәсілдеріне мыналар жатады: сандық (жаппай сауалнама) және сапалық («терең сұхбат», «жасырын сатып алушы», фокус-топтық сұхбат). Зерттеу мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалаудың мына негізгі өлшемшарттары бойынша жүргізілді: қолжетімділік (қызмет алу барысында ғимаратқа, қызмет алушының сервистеріне, ыңғайлылыққа және жайлылыққа қолжетімділігі); ақпарат (қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат); қызметкерлер (персоналдың және виртуалды кеңесшілердің жұмы­сы); рәсім, мерзімдер мен күту уақыты, шығындар және кері байланыс (шағым­данудың қолданыстағы тәртібіне және нәтижелеріне).

Сауалнама елдің барлық өңірін, оның ішінде 260-тан астам елді мекен мен өзге елдердің тұрғындарын қоса алғанда 9 мың респондентті қамтыды (жеке және заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сарапшылар).

Сонымен, қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша халықтың мем­лекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 75,1%-ды құраған. Орталық мемлекеттік органдар арасында бірінші орында Ұлттық экономика министрлігі, оның қызметтері ең жоғары баллмен бағаланды – 4,87 балл және қанағаттану деңгейі – 88,1%. Екінші және үшінші орында Қорғаныс министрлігі (4,86 немесе 88,7%) мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (4,86 немесе 85%).

Рейтингтің аутсайдерлері: Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі (4,59 балл немесе 72,1%); Ақпарат жә­не қо­ғам­дық даму министрлігі (4,53 немесе 72,6%); Индустрия және инф­ра­құрылымдық даму министр­лігі (4,49 немесе 70,6%).

Жергілікті атқарушы органдар арасында бірінші орынды Ақмола облысы (4,73 балл немесе 80,3%) алды. Екінші және үшінші орында Павлодар (4,71 немесе 78,4%) және Шығыс Қазақстан (4,68 немесе 77,2%) облыстары.

Өңірлер рейтингінің аутсайдерлері: Шымкент (4,56 немесе 73,4%), Алматы  (4,56 немесе 73,3%) және Нұр-Сұлтан (4,56 немесе 72,7%) қалалары.

Мониторинг барысында қызмет алушылар мемлекеттік органдардың шағымдарға кері байланыстың әлсіз­дігі, Мемлекеттік қызметтерді ашық қолжетімділікте көрсету тәртібі туралы қажетті ақпаратты іздеудің қиын­дығы бөлігіндегі жұмысына нара­зы­лықтарын білдірген. Сондай-ақ мем­лекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді «электронды үкімет» порталымен интеграциялау бо­йынша ұсыныстар келіп түскен.

Азаматтардың шағымдарының көп­шілігі 1414 Бірыңғай байланыс орта­лығы­ның (ББО) қызметіне байланысты бол­ған (қоңырау шалу мүмкіндігінің жоқ­тығы, консультациялардың тө­мен сапасы, ББО қызметкерлерінің біліксіздігі).

Мүдделі мемлекеттік органдарға 2020 жылы өткізілген қоғамдық мониторинг қорытындысы жолданды, осының негізінде мемлекеттік қызметтерді көр­сету сапасына қоғамдық мониторинг есе­бінде көрсетілген ұсынымдарды орын­дау бо­йынша шаралар қабылданбақ. Қоғам­дық мониторинг ұсынымдарын орын­дау Мемлекеттік қызмет істері агент­ті­гінің тұрақты бақылауында болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан­да 2014 жылдан бастап «Мемлекеттік көр­сетілетін қызметтер туралы» заңға сәйкес мемлекеттік қызметтерді көр­сету сапасына қоғамдық мониторинг жүр­гізіліп келеді.

Бөлісу: