Жарнама
 
Жаңалықтар
2 мин оқу 801

ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫҢ ҚЫРҚЫ БЕРІЛДІ

Өткен сенбі күні Қызылағаш ауылында тасқын салдарынан қаза болғандардың қырқы берілді. Марқұмдардың рухына бағышта­лып атқарылған бұл рәсім облыс әкімі Серік Үмбетовтің мұрындық болуымен, аудан, ауыл әкімдерінің атсалысуымен өткізілді.

<!--more-->Ашық аспан астына екі қатар етіп жайылған кең дастарқанның басына жайғасқан жұртшылықтың алдында ең алдымен Ақсу аудан­дық ақсақалдар алқасының төраға­сы Нұрбек Сәрсенбайұлы сөз алып, қаза тапқандардың қырық күндік нәзіріне орай ағайынға арнау сөз айтты. “Табиғат апаты салдарынан қайғылы оқиға орын алғанымен тір­шілік тоқтап қалмақ емес. “Орнын­да бар оңалар” дегендей, ел ес жиып, жағдай бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді. Зардап шеккендерге бар­лық жағдайды жасап отырған республика облыс пен аудан басшы­ларына да рахмет. Жақын күндердің бірінде алғашқы тұрғын үйлер де пайда­лануға берілмек. Сондықтан өліге иман, тіріге береке-бірлік тіле­йік” деген қарияның басалқалы сө­зін жиналғандар бірауыздан құптады.

–Қызылағаштағы сияқты табиғат­тың тосын апаттарын ауыз­дықтай алмай қалатын кездеріміз болады. Мұндай апаттар бүгінде Қытайда алапат жер сілкінісі ретін­де орын алса, Исландияда жанартау түрінде атқылауда. Тағы бір жерде ұшақтар құлап жатыр. Ендігі жерде ондай апаттар қайталанбасын деп тілейік, – деп бастады сөзін облыс басшысы Серік Үмбетов. – “Төр­теу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген­дей, ең бастысы, елімізді ауыз­бірлік пен ынтымақтан ажыратпасын, ел іші аман болсын деп тілейік. Ауыз­бірлігінен ажырап қалған қырғыз ағайындар не болып жатыр бүгінде? Ынтымағымыз бол­са, бәрі қалпына келеді. Қаза бол­ған жақындары­мыздың жаны жәннатта болсын.

Енді біраз күнде 40 шақты тұр­ғын үйдің пайдалануға беріліп, Егін­су мен Ақтоғандағы қалпына келтіру жұмыстарының қарқын алатындығын айтқан облыс әкімі зардап шеккендерге қажетті барлық көмектің көрсетіліп жатқандығын, басқа да тиісті шаруалардың ат­қары­латындығын тағы бір атап өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңіріндегі өкіл-имамы Жұманәлі Аманов қаза болғандардың рухына бағыштап құран оқығаннан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Егеубек Далбағаев сөз алып, қаза болғандардың отбасы­лары мен туған-туыстарын сабырға шақырды. Бұл жайындағы әңгімені Қазақ радиосы директорының орын­басары, қаламгер Кө­пен Әмір­бек жалғастырып, халқы­мыздың торқалы той мен топырақ­ты өлімді бірігіп атқаратын игі дәс­түрі жайында сөз қозғады.

Қырық күндік асты өткізу бары­сында ауыл тұрғындары да сөйлеп, қиындықта жалғыз қалдыр­май, барлық көмекті жасап жатқан республика жұртшылығына, облыс басшылығына деген шынайы алғыстарын білдірді.

Күмісжан БАЙЖАН,  Алматы облысы.

Бөлісу: