Технология
2 мин оқу 540

Органикалық өнімдер маркетплейсі

<p style="text-align: justify;">Қазақстанда жақын арада органикалық және табиғи өнімдерді жеткізіп берумен айналысатын GREEN BEE стартапы іске қосылмақ. Қазір экологиялық өнім өндірушілердің басын қосатын стартап мобильді қосымшасының соңғы шаруалары пысықталуда.</p>

Органикалық өнімдер маркетплейсі

Жобаға үш мемлекеттің қа­тысы бар. Стартапты белору­сия­­лық IT-мамандар дайындап, жобаның өзі Эстонияда тіркеліп, бірақ жұмысын Қазақстанда бастамақ. Стартаптың мақсаты – фермерлер мен қала тұрғындарын бір платформада тоғыстырып, дел­дал және алыпсатарларды ара­­лас­тырмай, таза табиғи өнімді тұ­ты­нушыға тікелей жеткізіп беру.

– Қазір экоөнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Біздің бас­ты ерек­шелігіміз – екі тарапқа да қолай­лымыз. Бизнес тұрғысынан қарайтын болсақ, фермерлерді артық проблемадан арылтамыз. Өнімді тұтынушыға өзіміз жеткіземіз. Ал клиенттердің хи­мия қосылмаған, таза, табиғи өнім­дерді таңдап алуына мүм­кіндік сыйлаймыз. Органи­калық өнімдердің әлемдік нарығы 20 жылда 6 есе өсті және құны 106 млрд доллардан асып кетті. Жеке биз­нес дайындаған органикалық өнімдер маркетплейсі 2021 жылы ең тез көтерілген бизнеске айналуда, – дейді идея авторы Бахт Ниязов.

Стартап аясында шаруа қо­жа­лықтары, шағын кәсіпкерлік өнімдері «цифрланып», қолөнер шеберлерінің өнімдері де нарық­қа шығарылмақ. Жобаға қатысу үшін өндірушілер сапалы, таза, та­­биғи өнім шығарып, өнім­нің экологиялық тазалығын қам­тамасыз етуі керек. Жоба ұйым­дас­тырушыларының айтуынша, қазірдің өзінде платформаға он­шақты бизнесмен қосылған. Базада Алматы облысындағы сыр, сүт өнімдерін, жеміс-жидек, халал ет, құс етін өндірушілер бар. Фитнес-өнімдер де баршы­лық. Қосымшаға картаны тіркеп, өнімге тапсырыс беруге болады. Авторлар келешекте жобаның аудиториясы мен тапсырыс географиясын арттырамыз дейді.

– Біз тұрақты даму принцип­теріне негізделген кез келген биз­несті қолдауға дайынбыз. Бірақ біздің басты назарымыз шағын (20 адамға дейін) органикалық және табиғи өнімдер өндірушілер мен сатушылар, дәмханалар, мейрамханалар, slow food және эко-отельдер. Қазіргі таңда Қазақ­станда, Алматы қаласында жұ­мыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ АҚШ пен Эстонияда кеңсеміз бар. Жақын уақытта Ресей және Еуропа нарығына шығуды жос­парлап отырмыз, – дейді жоба авторлары.

Бөлісу:
Органикалық өнімдер маркетплейсі · Egemen Qazaqstan