Әлем
5 мин оқу 1,010

Алаңдатқан Ауғанстан

<p style="text-align: justify;">АҚШ сарбаздарын Ауғанстан аумағынан шығара бастағалы талибандар белсенді әрекет етуге кірісті. Таяуда олар елдегі бірқатар маңызды нысанды басып алды. Әсіресе солтүстіктегі өңірлер біртіндеп Талибанның бақылауына өтіп жатыр.</p>

Алаңдатқан Ауғанстан

Мәселен, BBC агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ-ның Ауғанстандағы арнайы өкілі Талибан содырлары шетелдік сарбаздар шығарыла бастағалы бері шабуылды күшейтіп, Ауғанстанның ондаған ауданын басып алғанын айтып дабыл қақты.

БҰҰ-ның арнайы өкілі Дебора Лион Қауіпсіздік Кеңесінде өткен жиында Талибан мамыр айынан бастап 370 аудан­ның 50-ден астамын алғанын ескертіп, ел­дегі ахуалдың күрделене түскенін жет­кізді. Оның айтуынша, қақтығыстың көбеюі алыс және жақын мемлекеттерге де қауіп төндіруі мүмкін.

Дебора ханымның алаңдауы бекер емес. Таяуда Талибан содырлары Ауғанстанның Құндыз провинция­сындағы Шерхон-Бандар шекара комиссариатына шабуыл жасап, басып алған. Қарулы қақтығыстан шегінген Ауған­стан үкіметінің сарбаздары көршілес Тәжікстан аумағына өтіп кеткен.

Мұны Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік қызметі де растады. Соған сәйкес, 22 мау­сымда Ауғанстан үкіметі әскеріне қарасты 134 шекарашы Тәжікстан аума­ғына «Пяндж» шекара жасағының 3-ші және 4-ші заставалары арқылы шегінген.

«Тәжікстан шекарашылары гуманизм мен тату көршілік принциптерін басшылыққа ала отырып, мемлекеттік шекарадан өткен ауған сарбаздарына Тәжікстан аумағына кедергісіз кіруге рұқсат берді. Ауғанстан әскери қызмет­шілерінің арасында 4 адам жараланып, 1 адам қаза тапты», делінген Тәжікстан ұлт­тық қауіпсіздік қызметі таратқан мәлім­демеде.

Сондай-ақ Өзбекстан Сыртқы істер министр­лігі Ауғанстанның әскери тобы­ның шекараны заңсыз кесіп өткені туралы мәлімдеме жасады. «2021 жыл­ғы 23 маусымда Ауғанстан шекара әскер­лерінің 53 әскери қызметкері мен жергілікті жасақ жауынгерлері Шортеп уезі маңынан Өзбекстан аумағына өтті. Қажетті анықтау рәсімдері мен тергеу іс-әрекет­тері жүргізілгеннен кейін аталған ауған азаматтары кері қайтарылды. Өзбек­стан аумағына заңсыз кіруге шектеу қойылып, шекараны бұзушыларға қатыс­ты қатаң шаралар қабылданады», делін­ген хабарламада.

Осы оқиға қарсаңында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен АҚШ президенті Джо Байден кездесіп, ел­дегі ахуалды талқылады. Ақ үй басшысы ауғандықтар өз болашағын анық­тауы қажет екенін айтқан. Әйтсе де, Байден АҚШ пен НАТО әскери күштері 11 қыркүйекте жауынгерлерін елден шы­ғар­ғанымен, қолдау көрсете береті­нін жеткізді.

Сонымен қатар АҚШ пен Ауғанстан арасындағы серіктестік жалғаса береті­нін де атап өтті. «Әскеріміз шығуы мүм­кін, бірақ Ауғанстанға қолдау аяқтал­майды», деді Байден.

Өз кезегінде Ашраф Ғани АҚШ-тың сарбаз­дарын  шығару туралы тарихи шешімді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Ауғанстан қауіпсіздік күштері жақында Талибан басып алған алты ауданды қайтарып алғанын мәлімдеді.

Ауғанстандағы ахуалдың бұлай өрбуінің негізгі себебі – АҚШ пен НАТО сарбаздарының ел аумағынан шыға­рылуы. Естеріңізде болса, АҚШ Талибан ұйымымен келісім жасасқан. Аталған құжатқа сәйкес, америкалық сарбаздар Ауғанстан аумағынан шығарылуы тиіс, ал Талибан қозғалысы аймақтың тұрақ­тылығы мен бейбітшілігін қорғауды мойнына алмақ. Дегенмен, бұл келісімнің шикі тұсы көп екенін бұған дейін де жазған едік.

Мәселен, АҚШ-ты террористерден мұхит асып келген сарбаздар емес, тіке­лей Талибан ұйымы қорғамақ. Бұл қадам экономикалық тұрғыдан АҚШ үшін тиімді. Өйткені ауған жерінде әскери база ұстау арзан емес. Бұдан бөлек, түрлі жағдайда қаза табатын сарбаздарды, Ауған­стандағы соғысты сынайтын америкалықтарды қосыңыз. Осының бәрі Ақ үй қожайынының мойнына артыл­ған  ауыр жүк болмақ.

Ендігі жерде АҚШ аталған жауапкер­шіліктің бәрінен құтылады. Әйтсе де, мұндай қадам осыған дейін атқарылған жұмысты бәске тігумен тең. АҚШ өзіне алған міндетін орындауға қаншалықты ықылас танытса, Талибан ұйымы сон­шалықты өз міндетін орындауға ынта біл­дірмеуі әбден мүмкін.

Талибан кез келген террористік топ­тың Ауғанстанда бас көтеруіне тосқауыл жасауы тиіс. Бірақ «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, Талибан америкалықтар жоқ­та қалай әрекет етпек? Кімді террорист деп санайды? АҚШ пен оның жақ­тастарына қауіп төндіретін топтарды қалай анықтайды? АҚШ пен Талибанның түсінігіндегі «террористік топ пен террорист» ұғымдары сай келе ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Мәселен, «Әл-Каида» тобына Тали­бан қозғалысы жетекшілік ететіні талай мәрте айтылды. Ұйым басшылығы мұны жоққа шығарған. Кейіннен, тіпті талибандардың өкілі 2001 жылғы
11 қыр­күйектегі террористік шабуылға «Әл-Каида» жауапты емес деген әңгіме айтып қалды.

Сонымен қатар БҰҰ тарапы да Ауғанстандағы бірқатар топты экстре­мис­тік және террористік деп таныған. Талибан қозғалысы олардың біразымен әлі күнге дейін әріптес. Ендігі жерде ұйым аталған топтармен байланысын үзе ме, әлде жалғастыра бере ме?

Сондай-ақ АҚШ әскерінің шығары­луына байланысты Ауғанстандағы америкалық барлау қызметінің мүм­кіндігі де шектеледі. Яғни Талибанның әре­­кетін бақылап отыру да қиындай түспек.

Бұған дейін АҚШ әскерінің Ауған­станнан шығарылғаннан кейін әрекетін бақылайтын «үлкен ағаның» жоқтығын пайдаланып, Талибан да емін-еркін іс-қимылдарға баруы мүмкін екені айтылған. Көп ұзамай-ақ бұл сөздің рас­ты­ғына көз жеткізіп отырмыз. Кейін­гі кез­де Ауғанстандағы үкімет пен Тали­бан ара­сындағы қақтығыстың артуы соны айғақтайды.

Өткен аптада Wall Street Journal газеті АҚШ-тың барлау қызметінің зерт­теуінде Ауғанстан билігінің ақыры таяп қалғаны айтылғанын хабарлады. Басылымның мәліметіне сай, бұған дейін барлау қызметі Ашраф Ғани америкалық сарбаздар шығарылғаннан кейін 2 жыл билікте отыратынына сенімді болған. Алай­да кейінгі оқиға­ларды зерделей келе, алты айдың ішінде Ауған­стан ас­тан-кестен болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Талибандардың белсене түскеніне жергілікті халық наразы. Солтүстік аймақтарға жасалған шабуылдардан кейін тұрғындар қолына қару ала бас­тады. Al Jazeera агенттігінің хабарлауын­ша, Кабулда еріктілер әскерилерге келіп қосыла бастаған. Дегенмен, кей сарапшылар бұл әре­кеттен ештеңе шық­пауы мүмкін дейді. Өйткені Ауған­стан үкіметінің сарбаздары, полиция қыз­меткерлері мен шекарашылар қорғауы тиіс нысандарды беріп қойған. Мұндай жағдайда арнайы дайындықтан өтпеген еріктілерден келетін қайран бар ма?

Қорыта айтқанда, АҚШ сар­баз­дары­ның шығарылуымен Ауған­стандағы ахуал күрделенбесе, жақ­сарған жоқ. Тали­бан осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, өз әлеуетін күшейтіп алуды көздейді. Тіпті билікті басып алудан да үмітті. Әл­бетте, ондағы оқиғаның көр­шілес елдерге де әсері болатыны анық.

Бөлісу:
Алаңдатқан Ауғанстан · Egemen Qazaqstan