Коронавирус
2 мин оқу 182

Алматыда індетке шалдыққандар он есе көбейді

<p style="text-align: justify;">Алматының бас санитар дәрігерінің сәуегейлігі расталып, соңғы жұмада үнді штамының таралуына байланысты мегаполисте коронавирустың төртінші толқыны басталғаны ресми түрде мәлім болды.</p>

Алматыда індетке шалдыққандар  он есе көбейді

Эпидемиологтар қалада соңғы екі аптада КВИ дерті 1 143-тен 2 377 жағдайға дейін­ өс­­кенін алға тартып отыр.

«Алматыда 17 маусымнан бастап эпидемиялық жағдай мутацияланған жаңа «Дельта» штамының таралуына байланысты күрделене түсті. Өт­кен аптада ПТР нәтижелері ал­дыңғы 7 күндегі 130-ға қа­ра­­ғанда тәулігіне 215-ке дейін өсті», деді қаланың Бас сани­тар­лық дәрігері Жан­дар­бек Бекшин.

Ол мегаполисте қазірдің өзінде 56 мыңнан астам адам, оның ішінде маусым айын­да 4 573 адамның вирус жұқ­тырғанын айтты. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында дерт өткен жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 10 есе­ге артқан. Ж.Бекшин мега­полисте коронавирус жұқ­тырғандардың саны неліктен тез өскенін түсіндірді.

«Дерттің күрт өсуін ко­ро­навирустың «төртінші тол­қыны» деп атауға болады. Біз дертке қарсы тұра аламыз, қазірдің өзінде 3 500 төсектік орын дайындалды. Қазіргі кез­де науқастарға арналған
1760 төсектік орын бар. Олар­дың санын 35%-ға арттырамыз», деді ол.

Алматының бас сани­тарлық дәрігері үнді штамын жұқтырған әйел мен оның баласының жағдайы туралы да баяндады. Әйелдің айтуынша, ірі құрылыс дүкеніне барған көрінеді, инфекцияны сол жерде жұқтыруы мүмкін.

Алматы эпидемиологтары індет ошақтары – отбасылық шаралар, тойлар, мерейтойлар, еске алу кештері екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ түнгі клубтарға келушілер, караоке орындарынан 0,2%-ға өскенін айтады. Ал ASHYQ жобасына қатысатын нысандарда инфекция жағдайлары тіркелмеген. Бұл ретте отбасыларда жұқтырудың үлес салмағы – 25%, сауда нысандарында – 23%, қоғамдық көлікте қатынау – 16,7%, бұ­қаралық іс-шараларға қатысу кезінде 6% құрайды.

«Дельта» штамының балалар мен жастарға нақты әсері қандай десек, өткен ап­тада 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауру 2,3%-ға өскен. Алматыда «Дельта» штамы­ның үлес салмағы 78 пайызды құрайды.

Дерт жұқтырғандар саны­ның күрт өсуіне байланыс­ты 18 маусымнан бастап мега­полисте мутацияланған штам­дарға зерттеу жүргізіле бас­таған еді. Бас санитар 30 мау­сымда кезекті зерттеулердің нәтижесі алынғанын баяндай келе: «46 сынаманың 36-да «Дельта» штамы, 8-інде «Альфа» штамы және екеуін­де – ашылмаған мутация анық­талды. Алматыдағы эпиде­миялық ахуал коронавирус дертіне шалдыққандарды зерттеу барысында анық­талған 78% үлгісінде жаңа «Дельта» штамына байланысты ушығып отыр», деді.

Ж.Бекшин кезекті рет қала тұрғындары мен қонақ­тарын халық көп жиналатын орындарға бармауға, әлеу­мет­тік қашықтық пен бетперде режімін сақтауға шақырды. Алматының бас санитарлық дәрігері коронавирустың жа­ңа штамының тез таралатынын әрі қала тұрғындарының денсаулығы үшін өте қауіпті екенін, сондықтан вакциналану қажеттігін еске салды.

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Алматыда індетке шалдыққандар он есе көбейді · Egemen Qazaqstan