Аймақтар
1 мин оқу 422

Шаһар шырайы

<p style="text-align: justify;">Қарағандыға серіктес қала Шахтинскінің жастары айналадағы сұрықсыз сұр түсті өзгерткісі келеді, шаһардың шырайлана түскенін қалайды. Таяуда олар қаладағы трансформаторлық қосалқы стансаның қабырғасына граффити суретін салды.</p>

Шаһар шырайы

Шахтинск қалалық жас­тар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Хамитов бұл игі істің туған қаланың 60 жылдық мерейтойына жасалған тарту екенін айтады.

– Биыл біздің қаламызда үш көпқабатты үйдің қабыр­ғасына мурал салынды. Осыны көргеннен кейін біз сурет автор­ларымен байланысқа шығып, басты көшеміз Абай Құ­нан­баев даңғылындағы транс­форматор будкасын бе­зендіріп берулерін өтіндік. Жастар біздің идеямызды қол­дап, қосалқы стансаның қабырғаларына суретті тегін салып берді, – дейді ол.

Қаланың шырайлана тү­суіне үлесін қосқан сурет­шілерге жастар орталығы аумақ­ты ретке келтіріп, қа­жетті материалдармен қамта­масыз етіп, қолдан келген көмектің бәрін көрсеткен. Жас­ұлан Хамитов бұл идеяны жергілікті талантты жас­тар қолдап, алдағы уақытта Шах­тинск қаласының барлық транс­форматорлық қосалқы стансасы әдемі кейіпке енеді деп үміттенеді.

Сонымен қатар ол қаладағы талантты жастарды Шахтинск шаһарын шырайландыруға барынша атсалысуға шақырды. «Біз сіздерді және сіздердің идеяларыңызды талқылауға, оларды қарастыруға және жан-жақты қолдауға дайынбыз», – дейді кеншілердің шағын қаласындағы жастардың же­текшісі.

Қарағанды облысы,

Шахтинск қаласы

Бөлісу:
Шаһар шырайы · Egemen Qazaqstan