Жарнама
 
Экономика
2 мин оқу 730

Шағын және орта бизнес несие алғысы келеді

<p style="text-align: justify;">Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында шағын бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс біршама өскен. Несие өтінімдерінің басым бөлігі жеке кәсіпкерлер тарапынан көбіне мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтын банктерге келіп түсіпті.</p>

Шағын және орта бизнес несие алғысы келеді

Ұлттық банк несиелеу бо­йынша банктер арасында са­уал­дама жүргізіп, несие ресурс­та­рына деген сұраныс пен ұсы­ныстың негізгі үрдістерін анық­­тау­ға тырысып көрген. Қар­жылық тұ­рақтылық және зерттеулер де­пар­та­менті дирек­торының мін­детін атқа­ру­шы Олжас Көбен­баевтің айтуынша, II тоқсанда шағын бизнес тарапынан түскен өтінімдердің жалпы саны I тоқсанмен салыс­тырғанда 29 па­йызға өсіп, 155 мыңды құраған.

«Ірі банктерде несиеге деген сұ­ра­ныс ірі бизнес тарапынан төмен­де­генімен, банктердің көпшілігі орта бизнесте сұра­ныс артқанын атап өтті. Ірі және орта бизнес тарапынан түскен несие өтінімдерінің саны тоқ­сан ішінде жалпы айт­қанда 9 па­йызға 1,3 мыңға де­йін өсті. Банктердің бизнесті несиелеуге да­йын­дығы артты. Кәсіпкерліктің ірі және орта сегментіндегі мақұлдау коэф­фициенттері өсіп, өткен тоқсан­да­ғы 55 пайыз және 57 пайызбен са­лыс­тырғанда, тиісінше 62 пайыз және 76 па­­­йызды құрады» дейді О.Көбен­баев.

Алайда мемлекеттік бағдар­ла­ма­лар­ға қатысушы банктерге шағын бизнес тарапынан түскен несие өтінім­де­рі­нің мақұлдау үлесі 24 пайыз болған. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанда 31, былтырғы төртінші тоқсанда 76 па­йыз болған еді. Әзірге банктер несиелеу талаптарын өзгертуді жоспарлап отыр­ған жоқ. Олар үшінші тоқсанда кә­сіпкерліктің барлық сегменті тарапынан сұраныс артады деп күтетінін жасырмайды.

«2021 жылдың II тоқсанында ипо­текалық несиелеуге деген сұра­ныс­тың артуы – «Бас­па­на хит» бағ­дарламасы бо­йынша бөлінген лимит­тер­ді игерудің аяқталғаны туралы ха­­барландырумен және ха­лық­тың тұр­ғын үй сатып алу не­месе жөндеу мақсатында зейнетақы жинақтарын қол­дану бағдарламасына деген қызы­ғу­шылығының жалғасуымен байланысты. Ипотекалық несиелер бойынша өтінімдер саны 30 пайызға өсіп, 97 мыңды құрады, ал мақұлдау үлесі II тоқсанда 74-тен 78 пайызға дейін ұлғайды», деді департамент өкілі.

Респонденттердің ақпараты бойынша, маркетингтік акция­лар өткізу және пайыздық мөл­шер­лемелердің өзгеруі ке­піл­сіз тұтынушылық несиелер мен автонесие бойынша сұра­ныс­­тың өсуіне оң әсер етіп­ті. Есептік тоқсанда олар бойынша өтінімдер саны 31 және 11 пайызға өсіп, мақұлдау үле­сі 47 және 14 пайызды құ­ра­ған. Сонымен қатар жекелеген банк­тердегі клиенттердің төлем қабілеттілігіне қо­йыл­ған жоғары талаптар кепіл­мен қам­та­масыз етілген тұтыну­шылық несиелерге деген сұра­ныс­ты біршама азайтты.

Банктердің бөлшек несиелер беруге дайындығы бұрынғы қал­­­пын­да қалды. Сонымен қа­­тар тұтыну­шы­лық несие шар­тында сыйақы мөл­шерле­ме­сінің төмендеуі, несие өтеу­де­гі ең ұзақ мерзімнің ұлғаюы және пайыз­дық мөлшерлемеге қа­тысы жоқ комиссиялардың да төмендеуі бай­қал­ды, дейді О.Көбенбаев.

«Келесі тоқсанда жеке банк­­тер өз өнімдері бойынша па­йыз­дық мөл­шер­ле­мені тө­мен­детуді жоспарлап отыр және сәйкесінше, ипоте­ка­лық несие­лен­діруге деген сұра­ныс­тың артуын күтеді», деді ҰБ өкілі.

Бөлісу:
Шағын және орта бизнес несие алғысы келеді · Egemen Qazaqstan