Сұхбат
3 мин оқу 780

Омбудсмен институты – маңызды құрылым

<p style="text-align: justify;">Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар топтамасындағы маңызды басымдықтың бірі &ndash; адам құқықтарын қорғауды күшейту. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында осындай міндет қойған болатын. Парламент Сенатының депутаттары сол міндетті орындау үшін және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс&shy;титутын нығайту мақсатымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтерді. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде &laquo;Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы&raquo; жаңа заң жобасы туралы оны құру жөніндегі депутаттар тобының жетекшісі, Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров айтып берді.</p>

Омбудсмен институты –  маңызды құрылым

– Асқар Оразалыұлы, заң жобасын әзірлеуге дайындық қалай болды және қазір құжат қандай сатыда?

– «Қазақстан Республикасын­дағы Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл туралы» Заңның қабыл­дануы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалардың ма­ңызды әрі ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осы заңды қабылдау қажеттігін жария еткеннен кейін Парламент Сенатының депутаттары оны әзір­леу жөнінде бастама көтерді. Бұл жұмысқа Парламенттің төменгі Палатасының депутаттары да шақырылды. Осы процесс барысында халықаралық озық тәжірибе мен бұл саладағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық база, ең алдымен, Париж және Венециялық қағидаттар мұқият зерделенді және пайдаланылды.

Заң жобасы мемлекеттік ор­гандар, үкіметтік емес және ха­лық­ара­лық ұйымдар өкілдері­нің қаты­суымен жария және ба­рынша ашық негізде талқыланды. Пар­ламент қабырғасында да, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанын­дағы Сарапшылар кеңесі аясында да бірқатар дөңгелек үстел өткізілді. Заң жобасы жан-жақ­ты және объективті тал­қылау нәти­жесінде оның бас­тамашылары ұсын­ған нұсқада іс жүзінде елеулі өзгерістерге ұшы­рамай, Мәжілісте екі оқылымда сәтті қабылданды.

– Сіздер әзірлеген заң жоба­сының негізгі жаңалық­тары қандай? Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл қандай жаңа мүм­кіндіктерге ие болады?

– Омбудсмен институтын заң­намалық тұрғыдан нығайту және теңдесі жоқ өкілеттіктер беру оған баршаға танылған халық­аралық стандарттарға сәй­кес жоғарыда аталған реформалар­ды жүзеге асыруға ықпал ете оты­рып, жай ғана бақылап қой­май, адамның құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғауға тікелей мүм­кіндік береді.

Заң жобасы оған тиіспеу мәр­те­бесін беріп отыр. Ол мемле­кет­­тік аппараттың шешім­дерімен, әре­кеттерімен немесе әре­кет­сіз­­ді­гімен көптеген адам­ның бұ­зыл­ған құқықтары мен бостан­дық­­тарын қорғау үшін талап арыз­бен сотқа жүгінуге хақылы, сон­дай-ақ шағымды қарау үшін Омбуд­сменнің сұратуы бойынша қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың беру міндеті белгіленді. Уәкілдің сот тәжірибесі мәселелері бо­йынша Жоғарғы сотқа түсініктеме беру ұсынысымен жүгіну мүм­кін­дігі заң жобасындағы жаңалық болып табылады. Одан басқа, өңірлерде Омбудсмен өкілдерін құру көзделіп отыр. Бұл оның халық үшін барынша қолжетімді болу мәселесін шешеді.

– Заң жобасын әзірлеу барысы қалай жүргені туралы айтып берсеңіз, талқылау барысында түрлі тәсілдер мен қағидаттар ұсынылған шығар?

– Заң жобасын талқылау кезінде оның мазмұны бойынша түбегейлі келіспеушіліктер туындаған жоқ. Сонымен бірге бұрын бұл мәселеге әртүрлі көз­қарастар болғанын әділетті­лік үшін атап өткен жөн. Жасыра­тыны жоқ, Омбудсменнің қызме­тін реттеудің жалпы қағидаларын ғана белгілейтін, негіздемелік заң деп аталатын нұсқаның жақтау­шылары да болды. Дегенмен бұл тәсіл елде болып жатқан өзгеріс­тердің мән-мағынасын ескермеу болып саналады.

– Осы заңның қабылдануы қазақстандықтардың құқық­тарын қорғауды күшейтуден басқа Омбудсменге қандай мүмкіндіктер береді?

– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңның қабылдануы оған халықаралық құқық қорғау про­цесіне неғұрлым толық қа­тысу­ға мүмкіндік береді және ха­лық­аралық тұрғыдан да оң әсер етеді.

Заңнамалық тұрғыдан бекітіл­ген мәртебе Омбудсменге Халық­аралық құқық қорғау мекеме­лерінің жаһандық альянсындағы (GANHRI) «В» мәртебесінен «А» мәртебесіне өтуге, онда дауыс беру құқығымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақыт­та халықаралық саясат пен мем­лекетаралық қатынастарда адам өл­шемі мен адам құқықтары мәсе­лелері аса маңызды, ал кейде шешу­ші рөл атқаратыны белгілі.

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»

Бөлісу:
Омбудсмен институты – маңызды құрылым · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар