Қоғам
1 мин оқу 250

87 мың алматылыққа әлеуметтік көмек көрсетілді

<p style="text-align: justify;">Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде 87 мың алматылыққа әлеуметтік көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды&nbsp;<a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>

Ілияс Өсеровтың айтуынша, Алматыда күнкөріс минимумы өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 23,2%-ға өскен. Бүгінде ол 44 105 теңгені құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Алматыда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 87 мыңнан астам адам тұрады, бұл қала халқының жалпы санының 4,4%-ын құрайды. Азаматтардың осы санатына АӘК төлеу үшін 2,6 млрд теңге бөлініп, жұмысқа орналасуға көмек, бизнес-жобаларды іске асыру үшін гранттар беру түрінде жан-жақты қолдау көрсетіліп отырады.

«Ең төменгі күнкөріс деңгейінің есебіне азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар да кіреді», деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының соңғы жолдауы барысында ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін арттырылғаны айтылды.

Бөлісу:
87 мың алматылыққа әлеуметтік көмек көрсетілді · Egemen Qazaqstan