Пікір
2 мин оқу 693

Болат діңгек

<p style="text-align: justify;">Біле білген кісіге, тәуелсіздік айтуға оңай болғанмен, жүрек&shy;ке салмақ салар қасиетті ұғым. Ат арыр, тон тозар, қадір кетер, бірақ тәуелсіздік мәңгіге қалуға тиіс болат діңгек. Осы бір зор діңгекті тұғырына орнатуда оғыландық танытқан Елбасының ерен ерлігі таңғаларлық. Таңғаларлығы &ndash; тәуелсіздіктің туын қан төкпей тікті. Азаттықтың ақ таңы мамыражай рауанданды. Тізесі барлар бүгілді, басы барлар жүгінді. Шағыстырғандардың да, шабыстырғандардың да үні өшті. Қазақ ұлтының тәуелсіздігі бой көтерді.</p>

Болат діңгек

Мақаланың ең бір тартым­дылығы – өткенге барлау жаса­ғаны. Ғасырлар қойнауынан бас­тау алған азаттық жолындағы кү­рес­тің соңғы 30 жылы байсалды, дерек-дәйекпен сараланған. Сүй­сіне­сің, себебі көз көріп, жүрек сенді, құлақ естіп, көңіл сенді.

«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, баға­лаған адамның, аялаған қоғамның қолы­на тұрақтайды» дейді Елбасы. Мағынасы зор сөз. Өйткені кейде арамызда тәуел­сіздігіміздің байыбына бармай, қисын­сыз байбаламға салатын заржақтар табы­лып қалатыны жасырын емес. Қо­ғамдағы кез келген қайшылықтардың астарына ши жүгіртіп, бүйректен сирақ шығаруға әуестенетіндер бар. Олар үшін елдің берекесі мен бірлігі тым жеңіл дүние секілді. Қазақ мұндайда «Білгенге – тоғыз, білмегенге – тоқсан тоғыз» немесе «Білімсіздің білмегенін кешір­месең, білгенің қайсы» не болмаса «Қадіріңді білмегенге, қадіріңді кетір­ме» дейді. Еңсесі биік еліміздің босағасы да мы­ғым. Мығым болатыны – жам­позы мен оғыланы көп алаш баласы бар.

Егер байыппен оқыса, Елба­сы­ның бұл мақаласы Тәуел­сіз­діктің шынайы тағылымын ұғындырып береді. Том-том кітаптың сығындысы іспетті, елдің үш он жылдығының сырлы шежіре­сі болып шыққан. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінгі ел жағдайы, азат ұрпақтың бол­­мыс-бітіміне баға берілген. «Тәуел­сіз еліміздің басты байлығы – адам» деген Елбасы, сондай-ақ: «Ең бас­тысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек».Тұңғыш Президентіміздің осы сөзі кез-келген ел перзентін ойлантып қана қоймай, меніңше толғанту керек.

Толғантатыны, қазіргідей тех­но­ген­дік заманда отаны­мыз­дың экономи­калық қуатын арт­тыру бір міндет болса, алаш жұртының руханиятын жүдет­пей, байыту зор міндет. Осы ру­хани саланың өкілі болған­дық­тан біз Елбасының туған тіл, діл, салт-дәстүр туралы айт­­қан­­дарын жүрекпен қабыл­дай­мыз. Әйтсе де, тіліміз кеме­ліне келіп, өрісін кең жая қой­ған жоқ. Мұндайда тағы да Елбасы­мыз осы мақалада: «Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шы­даған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атау­лыға қасқая қарсы тұрып, үздік­сіз алға жылжыған». Алға жылжи да береміз. Себебі Тәуелсіздік діңгегін мықтап, тұғырын шегендей түсетін өршіл халықпыз. Мақаланы тұщына оқыған кісіге осындай жігер береді.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

облыстық «Қостанай таңы» газетінің директор –

Бас редакторы,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Бөлісу:
Болат діңгек · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар