Қазақстан
1 мин оқу 610

Қаратау баурайында қыран қалқып...

<p style="text-align: justify;">Жоғалып кете жаздап барып қай&shy;та жанданған құндылықтың бірі &ndash; саят&shy;шы&shy;лық. Бабадан қалған мұраны зерттеп жүргендер осыдан 40 жыл бұрын елімізде құс салатын оншақты-ақ адам қалғанын айтады. Ал қазір 200-ге жуық құсбегі бар. Тағы бір айта кетерлігі, бұрынғылар бүркітті ғана баулыған болса, қазіргі жастар арасында қаршыға, ителгі, лашын, бидайық сияқты құстарды қолына қондырғандар көбейген.</p>

Қаратау баурайында қыран қалқып...

Жуырда Жаңақорған ауданында саят­шылықтан республикалық чемпио­нат өтті. Ересектер арасындағы XV чемпионатқа еліміздің 2 қаласы мен 10 облысынан саятшылар қатысты. Ұлттық спорттың осы түрінен Қызылорда облысында алғаш ұйымдастырылып отырған сайыс қонақтары жетісулық ардагер саятшылар Әбдікәрім Түсей мен Шаймардан Әден, аға жат­тық­тырушы Базарбек Күнтуғанұлы, «Қы­ран» федера­циясының президенті, Қазақ­станның құрметті спорт қайраткері Бағ­дат­хан Мүптекеқызы жарысқа қатысу­шыларға сәттілік тіледі.

Қазір Қазақстандағы ұлттық спорт мектептерінің жанынан құсбегілікке баулу сабақтары ұйымдастырылған. Осының арқасында атадан қалған өнерге  қызығушы жастар қатары көбейіп отыр.

– Әсіресе Алматы, Жамбыл, Түркіс­тан облыстарында мектеп жанындағы құсбегілік бөлімдері жастармен жұмыс­ты жолға қойған. Мақсатымыз – осындай шараларды жиі ұйымдастырып, саятшылықты ат бәйгесі, жамбы ату, көкпар сияқты дамып кеткен ұлттық спорт түріне теңестіру, – деді Бағдатхан Мүптекеқызы.

Қаратау баурайында қыран қа­лықтат­қан сайыста Түркістан облы­сынан келген Сейдулла Паңның қар­­шығасы алғырлық көрсетіп, бас жүл­дені иеленсе, маңғыстаулық Ай­шуақ Тай­мановтың ителгісіне бірінші орын берілді.

Бүркітшілер сайысында Атырау облысынан келген құсбегі Ақберен Құрманалиевтің қыраны бас жүлдені жеңіп алды. Облыс әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жаңақорған ауданы әкімдігінің  ұйым­дас­тыруымен өткен чемпионатта екінші, үшінші орын иеленген құсбегілер де марапат төрінен көрінді. 

Қызылорда

Бөлісу:
Қаратау баурайында қыран қалқып... · Egemen Qazaqstan