Аймақтар
2 мин оқу 510

Қыс кемшілікті анықтады

<p style="text-align: justify;">Қысқы жол қашанда қауіпті. Жар басына жасырғаның жарлауыттың астынан сығалағандай көрініп тұрады. Өңірдегі автожолдардан 64 түрлі келеңсіздіктің беті ашылған.</p>

Қыс кемшілікті анықтады

Біздің өңірде әдетте атан түйені алып жығатын ақ боран, үскірік аяз жиі болатын. Биыл қыс қаһарына міне қой­ған жоқ. Соның өзінде күре жолдардың бойын тау-теңіз қар басып, өкпек жолаушының өкпесін өшіріп тұр. Қыс бойы жүздеген көлік ақ боранның тұтқынында қалып, талай жолаушы құтқарылды. Жол-көлік оқиғасы да орын алуда. Осының барлығы жол бойындағы жөн­сіздіктен. Кей тұста жол сілтеп, бағыт бағамдатар белгі де жоқ, барының өзін дауыл жұлмалап, жарамсыз етіп тастаған. Қай­сыбірі қарғаның сынған қана­тын­дай болып қалқиып тұр.

Жыл басынан бері күре жолдардың бойына 18 мәрте инспекциялық рейд жүргізілді. Жолаушының қамы. Қар басқан жолда қаңтарылып қалу кімге болсын оңай емес. Бірінші қиын­дық – көлік өте алмайтын күресіннің көптігі. Өңір жолдарында 227 жерде қар толып қалатын учаскелер бар екен. Әуел баста, жол құрылысын жүр­гізген кезде желдің бағытын, табиғаттың ерекшелігін ескеру керек еді. Қар түскен сайы­н қарбалас та көбеймек. Қа­уіп көбейген соң Көкшетау – Щучье, Көкшетау – Омбы бағыт­тарындағы тас жолдың бойын бақылау жиі жүргізіледі.

– Бірқатар кемшілік анық­талып отыр, – дейді жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының инженері Игорь Стефан, – мердігер ұйымдарға ұйғарылымдар жіберілді. Егер кемшіліктер уақтылы жойылмаса, тиісті шара қабылдау үшін облыстық полиция депар­таментіне де хабар жолдаймыз.

Қысқы жолдың қаупі туралы жолаушыларға ескерту аз айтылып жатқан жоқ. Бұл орайда бар мүмкіндік тегіс пайдаланылуда.

– Ең алдымен адамдардың аман болғаны керек. Қысқы жолды күтіп ұстау, қасат қардың құрсауынан тазалау аз шаруа емес, – дейді Aqmola – adaldyq alany жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тәйтенова, – тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым уақытында тексе­ріледі. Ел ескертуіне назар аудару арқылы төтенше оқиғалар орын алған жоқ.

Көктем де келіп қалды. Қар құрсауынан құтылғанымызбен, кейбір жол бойын орып кететін қызыл судың да қауіп төнді­ретіндігін қаперден шығар­маға­нымыз жөн. Сақтық шараларын бұлжытпай орындағанда ғана жолаушының жолы болмақ.

Ақмола облысы

Бөлісу:
Қыс кемшілікті анықтады · Egemen Qazaqstan