Театр
2 мин оқу 380

Жаһандық балет жауһары

<p style="text-align: justify;">Алдағы 1-2 сәуірде &laquo;Астана Балет&raquo; театрында Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған, қазіргі заман балетінің жауһарына айналған &laquo;Жолдан тайғандар&raquo; балеті көрсетіледі.</p>

Жаһандық балет жауһары

Әлемнің үздік сахналарында 30 жылдан аса уақыт қойылып жүрген бұл туынды – балетмейстердің «Қара және ақ» атты балетінің бір бөлімі. Оны елордалық театр­да дарынды хореограф Стефан Жеромски сахналайды. Академиялық балеттен бөлек, өзгеше стилін қалыптастырған танымал чех хореографының қойылымы астаналық театрда алғаш рет ұсынылып отыр.

− Иржи Килианның шығар­машылығымен таныс­тығым нақ осы туындыдан бас­талып еді. Бұл балетті алғаш көргенімде төбем көкке жеткендей ерекше күй кештім. Осы тектес дүние жасауға болады-ау деген, үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Оның балетінде билеу − әр би­шінің арманы. Көп ұзамай қазақстандық кө­рерменнің театрымыздың да­рынды әртіс­терінің орындауында осы спек­такльді тамашалай алатыны, шынымды айтсам, мені қуан­тады, − дейді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Иржи Килиан хореографиясы мен Стивен Райхтың айрықша композициясының әсем үндестігінен сегіз бале­ринаның ғажайып биі пайда болған. Ал хореографтың өзі: «Бұл − біздің мамандық туралы балет» дейді. Бір айтарлығы, бұл туынды − ғажайып музыкалық әуездігімен, монохромдық эстетикасымен және бидің әлемдік деңгейімен ерекшеленеді. Килиан­ның балеті – сан түрлі сезім­дердің бұлқынысы іспетті: сезімтал әрі тамаша би плас­тикасы өн бойыңызды баурап әкетеді.

Кештің екінші бөлімінде көрерменге бекзат өнер орда­сының былтырғы ерекше премьерасы – «Тағдыр бұлта­рыстары» тарту етіледі. Балеттің музыкасы мен либреттосын танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина жазған. Хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ас­тана Балет» театрының бас ба­летмейстері Мукарам Авахри.

Айта кетейік, мәдени іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Бөлісу:
Жаһандық балет жауһары · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар