Өнер
2 мин оқу 550

«Таудан мен жаратылғам»

<p style="text-align: justify;">Арманы биік адам тауға ғашық келеді. Мұзарт шыңдардан мият іздейді, құс жолына қол созады. Алқоңыр аспанды қалаған түсімен сырлайды. Қазбауыр бұлттарға хат жазады. Қарағайларға мұңын шағады.</p>

«Таудан мен жаратылғам»

Суретші Рашид Құл­ба­тыровтың «Алатаудың бөк­те­рінде» картинасы мұзбалақ Мұ­қа­ғалидің өлеңін еске тү­сіреді.

«Tay дейтін алып жүрек,

Ана туған.

Мен таулықпын!

Таудан мен жаратылғам». Шіркін, ақиық ақынның осы екі тармағынан-ақ бар болмысын, ғұмырлық қағидасын кө­руге болады. Қараңызшы, біз ұсынған туынды да автор­дың жан әлемінің галереясын айшықтап тұрғандай.

Заманауи жас суретші Рашид Құлбатыровты табиғи ландшафттар мен қала ан­сам­блінің заңды «жырлау­шысы» деп атайды. Ол қыл­­қалам­мен жеңіл әрі шебер­л­ік­пен жұмыс істей оты­рып, Қа­зақстан мен Еу­ропаның үл­­кенді-кішілі қа­лаларының кө­­ріністерін, қа­зақтың шексіз жазира даласын, Іле Алатауы тау жо­таларының ең биік шың­дарын, Каспий теңізінің пей­заждарын, сол сияқты көш­пенділердің дәстүрлі ауыл­дарының композицияларын жазды. Суреткер табиғатқа келгенде туындыларында түстік акценттер, бояулардың ашық­тығы мен қарқынды жа­ғылуы ерекше мәнерлі.

«Алатаудың бөктерінде» картинасы реалистік жанрда жазылған. Өзен жағасындағы ағаштар мен биік шөптердің арасында жылқылар, ал олар­дың үстінен алып таулар кө­рінеді. Таулар мұнарланған тұманмен көмкерілген. Күн сәу­лесі таудың тек ақбас шың­дарына түсіп тұр.

Бақсаңыз, қылқалам иесі жұмсақ бояуларды, кенепті реңк тұрғысынан жеңіл ауы­суларды пайдаланады. Ол осы арқылы беймаралдық пен тыныштыққа қол жеткізеді. Ал кенептен тауды бейнелеу үшін кең орынды комп­о­зицияны бөле отырып, Ала­таудың айбындылығы мен бөктерлерінің әсем суретін салады. Суретші өз туындысында туған өлкенің сұлулығын беріп, табиғатқа деген шексіз таңда­нысын көрсетеді.

Бөлісу:
«Таудан мен жаратылғам» · Egemen Qazaqstan