Белгілі ортопед туа бітті жамбас буынының шығуы бойынша шеберлік сағатын өткізді
<p style="text-align: justify;">Әлемге әйгілі балалар ортопеді Марк Эйдельман Нұр-Сұлтанға алғаш рет келді. Профессор №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында балалар арасындағы туа біткен жамбас буынының шығуы бойынша шеберлік сағатын өткізді. Тренинг аясында отандық және шетелдік дәрігерлер 12 ота жасады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.</p>

Елордалық клиникада Марк Эйдельман екі жамбасы да шығып кеткен петропавлдық үш жасар қызға ота жасады.
«Біздің бөлімшеде тірек-қимыл аппаратының туа біткен және жүре пайда болған патологиялары бар балалар ем алады. Біз жаңа туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларды емдеумен айналысамыз. Тәжірибе алмасу бізге балалар травматологиясын үйлестіруге көмектеседі», - деп атап өтті №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының балалар ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі Ағабек Чикинаев.

Марк Эйдельман «Technion» Израиль технологиялық университетінің профессоры болып жұмыс істейді. Сондай-ақ ол медицина ғылымдарының докторы.
«Израильде мен мұндай жағдайлар бойынша оталар жасамаймын. Себебі біздің елде бұл сирек кездеседі. Шеберлік сағатында өз білімімді әріптестеріммен бөлісіп, шетелде қолданылатын технологияны көрсеткім келді», - деді профессор.
Шеберлік сағаты 6-8 маусым аралығында өтті. Марк Эйдельман қазақстандық ата-аналарды ортопедтерге уақытылы жүгініп, олардың ұсыныстарын бұлжытпай орындауға шақырды.
