Аймақтар
2 мин оқу 364

Өндіріске кәсіби кадрлар қажет

<p style="text-align: justify;">Павлодар облысының білім беру жүйесі республикада үздіктердің қатарында. Мұны Ертіс-Баян өңіріне жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Еліміздің бас ұстазы саладағы жаңашылдықтарға көз жеткізіп, павлодарлық педагогтерді бәсекеге қабілетті болу үшін бәсеңдемеуге шақырды.</p>

Өндіріске кәсіби кадрлар қажет

Ең әуелі Ақпараттық технологиялар колледжінде жергілікті кәсіпорындардың басшылары және колледж директорларының қатысуымен «Өндіріске арнал­ған кадрлар. Ұсыныс пен сұра­ныс» атты дөңгелек үстел ұйым­дас­тырылды.

Жиында облыс әкімі Әбіл­қайыр Сқақов өңірдегі еңбек на­ры­ғына қажетті мамандарды даяр­лау бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыс туралы айтып бер­ді. Соңғы екі жыл ішінде тех­никалық және кәсіби білім беру жүйесін қаржыландыру 25 млн теңгеден 0,5 млрд теңгеге дейін өскен. «Дуалды оқыту бо­­йынша қолдау көрсететін ірі кәсіпорындардың демеушілік кө­мегі де аса маңызды. Біз бұл жұ­мысқа орта және шағын бизнес өкілдерін де тартып отырмыз», деді Ә.Сқақов.

А.Аймағамбетов Павлодар облысында өндіріс жақсы дамы­ғанын, көптеген ірі кәсіпорын тіркелгенін айта келе, кәсіби білім беру бағытындағы жұмысты жандандыруды еске салды.

– Бүгінде колледж басшылары жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын дербес айқындауға кірісті. Бұл шаралар өндірістегі тех­нологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныс­та­рына бейімделуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, техникалық және кәсіптік білім беру жүйе­сі жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін мамандарды даярлайтын болады, – деді А.Аймағамбетов.

Бұдан кейін Ақпараттық технологиялар колледжінің директоры Серік Жартыбаев білім ор­дасындағы жаңғыртылған оқу кабинеттері, 3-D модельдеу, робот және электр техни­ка­сы, же­лілік әкімшілеу, графи­ка­лық және веб-дизайн зертхана­ла­ры­ның ашылуы туралы айтып берді.

– Колледжде ашылған бизнес-инкубаторда жүзден аса табысты стартап жобалар құрастырылды. Біз Мicrosoft және Festo сияқты халықаралық компаниялармен, Іt-hub академиясымен және Скол­ково ғылым және технологиялар институтымен әріптестік орнаттық, – деді С.Жартыбаев.

Облыс әкімдігінің қолдауы­мен ІТ-колледж базасында өңір­лік «Tandau» онлайн-платформасы құрылғанын атап өткен жөн. Он төрт жасқа толған кез кел­ген тұрғын платформада тір­келіп, өзінің біліктілігіне қа­рай жұмыс таба алады. Жұмыс бе­рушілер жаңа жүйенің көме­гімен өздеріне қажетті қызметкерлерге тапсырыс беріп, жұмыскерлерді қайта даярлауға өтініш қалды­рады.

Айтпақшы, ІТ білім беру жүйе­сін дамыту Торайғыров уни­вер­ситетінде де қолға алын­ған. Ондағы ІТ-мектепке кез келген адам жазылып, қысқа мерзімді бағ­дарламалау курстарынан өте алады. Сондай-ақ университетте білікті IT-мамандарды даярлауды мақсат еткен Computer Science факультеті ашылған. «Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында жүз мыңнан кем емес ІТ-маманды даярлау туралы тапсырма берген еді. Жақын арада өңірде осы салада сұранысқа ие

5 мың маман әзірлеу жоспарда бар», деді облыс әкімі Ә.Сқақов.

Павлодар облысы

Бөлісу:
Өндіріске кәсіби кадрлар қажет · Egemen Qazaqstan