Қоғам
2 мин оқу 280

Технопарк тегін оқытады

<p style="text-align: justify;">Astana Hub технопаркі IT саласында карьераны жоспарлауға бағытталған Beta Career бағдарламасының жаңа легін іске қоспақ. Қатысушылар бағдарлама бойынша тегін оқиды.</p>

Технопарк тегін оқытады

Бүгінгі таңда Қазақстан мен ТМД елдерінен 1 500-ге жуық адам табыс­ты жұмысқа орналасу үшін оқудан өтіп, өз дағдыларын шыңдаған. Beta Career бағдарламасының түлектері ірі IT компанияларда, соның ішінде АҚШ, Малайзия және басқа да елдерде жұмыс тапқан. Кейбірі қажетті тағылымдамадан өтті.

– IT мамандардың көпшілігі карьераны қалай тиімді құру керектігін дұрыс түсінбегендіктен, істеп жатқан жұмысына, мансаптық өспеуіне қа­нағаттанбайды. Дені сұранысқа ие бағыттарды білмейді. Бірақ табысқа жету үшін кешенді жоспар құру қажет. Мысалы, қазір Go, Java, сондай-ақ Data Science мамандары мен DevOps инженерлері сұранысқа ие. Біздің міндетіміз – қажетті, ең бастысы, қа­лаған жұмысты табуға көмектесетін негізгі дағдыларды үйрету, – дейді Astana Hub-тың экспорт және даму жөніндегі басқарушы директоры Абай Әбсамет.

Beta Career – мансап құру процесі туралы бірегей түсінік беретін ке­шенді онлайн-курс. Бағдарламаға IT саласындағы студенттер мен түлек­тер қатыса алады. Оқыту бейне дә­ріс­терден, практикалық вебинарлар­дан, сарапшылармен тестілік сұхбаттар­дан, трекерлермен кездесулер мен кеңестерден, сондай-ақ онлайн бос орын­дар жәрмеңкесінен тұрады.

Оқыту нәтижелері бойынша бағ­дарлама қатысушылары IT-ком­па­нияда жұмысқа орналасу үшін тиімді түйіндеме жасауды және оларға ілеспе хаттар жазуды үйренеді, тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын дамытады, IT салада қандай мамандықтар сұ­ранысқа ие екенін біліп, үздік компанияларда қажетті жұмыс табуға мүм­кіндік алады.

Бағдарламаның жаңа легі 22 тамызда басталады. Қатысуға өтінімдер 19 та­­мызға дейін қабылданады.

Бөлісу:
Технопарк тегін оқытады · Egemen Qazaqstan