Өнер
2 мин оқу 251

Шекспирдің отанына арналды

<p style="text-align: justify;">Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде Табылды Мұқатовтың &laquo;Армысың, Англия!&raquo; атты жеке көрмесі ашылды. Айтулы өнер жәрмеңкесі суретшінің 75 жылдық мерейтойына және шығармашылық қызметінің 50 жылдығына арналған.</p>

Шекспирдің отанына арналды

Көрме экспозициясына автордың 2005-2014 жылдар аралығында салған 30-дан астам графикалық туындысы енген. Атауы айтып тұрғандай, көр­ме У.Шекспирдің Отаны – Англияға ар­налған. Туындыгер атағы әлем тарихы­нан орын алған әйгілі мекенде пле­нэр­де жұмыс істей жүріп, Лондон пей­заж­дарының өзіндік ерекшелігін нәзік иіріммен жеткізе білген. Мұқатов заманауи қаланың күнделікті өмірінің көп­қырлы сипатын, онда тұратын адам­дардың бет-бейнесін, олардың тұрмыс-тіршілігін дәл бедерлеуге күш салған.

Күнделікті өмір шындығын қарапа­йым, демократиялық мотивтермен дәлел­дей отырып, ол «Ватерлоо көпіріндегі жел­ді күн», «Эустон көшесіндегі жаң­быр», «Сохо алаңындағы қызыл үй» аква­рельдерінде суреттің шынайы се­нім­ділігіне қол жеткізеді. Автор «Кеш­кі Темза жағасында», «Қызыл авто­бусты көше» картиналарында эстети­ка­лық тұрғыдан шынайы, заманауи өмірді өзінің табиғилығымен, барлық байлығы мен түстерінің жарқырауымен көрсетеді. Көз алдындағы әлемді өзіне тән тұрақты құбылмалылығымен сипаттай отырып, адам мен оның қорша­ған ортасының бірлігін қайта жасайды. Әсіресе кездейсоқ көзге түскен өмірдің үздіксіз ағымының өтпелі сәтіне назар аударады.

а

«Т.Мұқатов «Жауын алдында», «Көгал­­да», «Ормандағы алаңқай», «Бақ­та» пейзаждарында жекелеген бөлшек­терге бой алдырмай, көрілген нәрсенің қайталанбас сипатын «сақтап қалуға» мүмкіндік беретін «алғашқы әсердің» айқындығын, күші мен жаңалығын сақ­тауға тырысады», дейді көрме жетекшісі Еркежан Омарова.

Табылды Мұқатов көпшілік қауымға кітап иллюстраторы ретінде де жақсы таныс. Ол безендірген еңбектер қазақ ақын-жазушыларының шы­­ғармаларындағы бір­­қа­тар ұлттық бей­­не­­ні жасауға сеп­тігін тигізді. М.Әуе­зов, І.Жан­сүгі­ров, С.Жүні­сов сияқ­ты бел­гілі жазу­шы­лар­дың жинақ­та­рын ре­сімдеумен айна­лыс­қан шебер кітап­тар­дың эстетикалық һәм көркемдік қуатын арт­тыруға зор үлес қос­ты. Махамбет Өте­міс­ұлының 200 жыл­дығына орай жа­рық көрген ақын өлең­дерінің бірегей басы­лы­мы 2003 жылы ЮНЕСКО-ның алтын медаліне ие болды. Қазақ перзентінің қолтаңбасы Болгария, Дания, Германия, Англия, Франция елдеріндегі көркем коллекцияларда жарқырап тұр. Сұлу өнерден қол үзбеген суретші қазір Алматыда тұрады.

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Шекспирдің отанына арналды · Egemen Qazaqstan