Медицина
2 мин оқу 300

Медициналық ұйымдарды сынға алды

<p style="text-align: justify;">Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында аталған ведомствоның басшысы Ажар Ғиният өңірлерге жұмыс сапары және халықпен кездесу, азаматтарды қабылдау және ведомствоға келіп түскен арыз-шағымдарды ескере отырып, медициналық көмек сапасының стандарттарын өрескел бұзатын бірқатар аймақ пен медициналық ұйымның жұмысын қатаң сынға алды.</p>

Медициналық ұйымдарды сынға алды

«Жыл сайын медициналық көмек сапасына қатысты 5,6 мыңнан аса арыз тіркеледі. Биыл бірінші жартыжылдықта осындай 2,8 мың арыз-шағым келіп түскен. Бұл ретте 30%-дан аса жағдайда фактілер нақ­ты­ланады. Өкінішке қа­рай, жағдай жақсы жағы­на өзге­ріп жатқан жоқ. Бір­қатар өңірде медици­на қызметкерлерінің өз қыз­мет­­тік міндеттерін орын­­­дау­ға салғырт қарауы және ме­дициналық ұйымдар­дың менеджементі нашар ұйым­­дас­тырылғаны бай­қа­ла­ды», деді А.Ғиният.

Министр медициналық көмек көрсету ережелері мен стандарттарын бұзу жаппай сипат алып бара жатқанына назар аударды. Биыл 6 айда осы тектес 500-ден аса жағдай тіркелген. Сондай-ақ Ме­ди­циналық және фарма­цев­тикалық бақылау комитеті көбінесе жағымсыз жайттарға әкеліп соғатын клиникалық хаттамалардан негізсіз ауыт­қу­ға қатысты 1 600-ден аса фактіні анықтады.

«Ана өлімі жағдайларын тексеру де стандарттардың сақталмайтынын көрсетеді, себебі аналар өлімінің құры­лымын сараласақ, 73% – бұл басқарылатын, яғни әрекет-амал жасауға болатын себеп­тер, 27% өлім жағдайы ғана ауыр соматикалық ауру­лар­дың салдарынан болған», деді А.Ғиният.

Министр ана өлімі бойынша ахуал мәз емес өңірлердің рейтингінде Қарағанды, Пав­лодар, Батыс Қазақстан, Қы­зыл­орда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қала­сын атады. Ол Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында биыл 3 рет ана өліміне жол берілгенін «сорақы жағдай» деп атады. Сарапшылар бар­лық жағдайда да диагностика кеш жасалғанын, қауіп-қатер мен емдеу тактикасы дұрыс бағаланбағанын нұс­қады. Салдарынан өмірі үшін маңызды ағза мүшелері қай­тым­­сыз өзгеріске ұшырап, соңы өліммен аяқталғанын айтты министр. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басшысы қызметінен босатылды.

Амбулатория мен стацио­нар деңгейінде науқастың жай-күйін жете бағаламау, медициналық ұйымдар ара­сын­дағы сабақтастықтың жоқ­тығы салдарынан өлім жағ­дайына алып келген осындай шулы жайттар Жамбыл, Қы­зылорда, Түркістан облыс­тарында да орын алғанын мы­сал­ға келтірді.

«Мұндай сорақы жайттар бүкіл өңірдегі жұмысты жоқ­қа шығарады әрі денсау­лық сақтау саласына нұқсан келтіреді», деп ескертті ведомство басшысы әріптестеріне.

Мәселен, министр атап өткендей, комитетке келіп түс­кен орынды шағымдар бо­йынша аймақтарды саралау нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы ахуал мәз емес 6 өңір анықталды. Олар келіп түскен шағымдардың 59%-ы нақтыланған Павлодар облысы (№1 қалалық аурухана, Екібастұз қалалық ауруханасы, Павлодар қаласындағы №3 емхана). Одан кейінгі шағым көп түсетін аймақтар: Алматы облысы (Іле, Талғар ауданының орталық ауруханасы, Қарасай ауданындағы ауданаралық көпбейінді ауру­хана) – 56,3%, Жамбыл облысы (Байзақ, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы, №5, №8 қалалық емханалар, Шу қаласының емханасы) – 51%, Қызылорда облысы (Көпбейінді қалалық аурухана, Шиелі және Жаңа­қорғандағы ауданаралық ауру­хана, №3 қалалық аурухана) – 44,4%, Алматы қаласы (№4 қалалық аурухана) – 35,7%, Маңғыстау облысы (Бейнеу аудандық орталық ауруханасы) – 31,3%.

Бөлісу:
Медициналық ұйымдарды сынға алды · Egemen Qazaqstan