Әдебиет
4 мин оқу 3,023

Ұлт болмысын бейнелеген

<p style="text-align: justify;">&laquo;Әдебиетті &ndash; ардың ісі&raquo; деген бағалаған бірегей жазушының бірі Төлен Әбдікұлы ағамыздың өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылғанымен әлі күнге дейін өзектілігі мен маңызын жоймаған &laquo;Қонақтар&raquo; деген тамаша әңгімесі бар. Бұл шығармада автор сол кезеңдегі кейбір ағайындардың өз тамырынан ғана емес, тілі мен дінінен, салт-дәстүрінен жерініп, ажырап бара жатқан болмысын астармен көркем бейнелеген.</p>

Ұлт болмысын бейнелеген

Әңгіменің «Қонақтар» деп аталуы бекер емес. Оны курорт­тан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ бол­ған балаларының жолын тосып, төрт көз болып жүрген Ер­ғабыл шал мен кемпірінің ара­сындағы диалогтарды оқып отырып, бірден байқайсыз. Шы­ғармадағы кейіпкерлердің шынайы мінезі мен сөз саптаулары оқығаннан үйіріп әкетеді. Кейде тіпті езуіңізге күлкі де үйіреді.

«Кемпір, шақша көрмедің бе? – деді жұмсарып.

– Байғұс, «қайдалайды» да жүреді екенсің! Қойған жеріңді ұмытып қаласың ба?!. Мә. Ере­кең ләм-мим демей, алдымен бір атым насыбайды ерніне тастап, шақшасын қалтасына салды. Кемпірі басын ұстап, қайтадан төсегіне жантайды.

– Басым сынып, өлейін деп жатырмын, мазалай бермеші.

– Өлсең, Бағила кемпірді алып келемін, – деді шал баға­нағыдай емес, көңілденіп.

– Иә, жетісерсің! Бала бір жақ­та, біз бір жақта. Мына қу моладан сүйегімізді табар бір күні. Осы Қаратүбектің басында жұмақ тұрғандай екі елі қия бас­пайсың... Бүгін келсін балалар, көрерсің, еріп кетемін. Қал жалғыз өзің, омалып. Кеше ноқтаның сағағын байламапсың ғой, кер кұлын ағытылып кетті.

– Ие, бұған бірдеңе айтсаң, бұл бірдеңе айтады».

Шын мәнінде, Ерғабыл қария – ескінің адамы, азды-көпті ғұмырында талай баққа қолы жетіп, талай бақтан айырылса да, қазақы мінезі мен өрлігін жо­ғалт­паған адам. Қартайған кем­пірі қалада әжептәуір қыз­мет ат­қаратын баласына қо­лына ба­рып тұрайық десе де, оның айтқ­анына көнбей, әкесі көрген, әкесінің әкесі көрген қара орыннан қозғалғысы кел­мейді. Оған ата-бабасының сү­йегі жатқан жерден артық жер жоқ. Осы жерден бір топырақ бұйырса бол­ғаны дейді. Жазушы өз шығар­масында Ерғабыл шал ар­қылы жиырмасыншы ғасыр­дағы барлық зобалаңды басынан кешсе де, қанағаты мен шү­кір­шілігінен айырылмаған қа­риял­ар бейнесін көркем сурет­теген. Ақсақалдың «айда­лада өлген кәрі қасқырға ұқ­самай ел-жұрттың алдында абы­рой­мен өтсем, одан басқа ар­тық­­тың ке­регі жоқ» дегені оқыр­манды сан тарау ойға қал­дырады. Өмір­дің ақырғы түйіні осы бір ауыз сөзде жатқан секіл­ді. Осындағы үзіндіге зер са­лы­ңыз­шы:

«– Кәрілік! Е-е, жарықтық-ай! Уһ! – Орамалын алып, терін сүртті. Күн жылынған шығар деп жұқа барқыт бешпентін шешіп, қолына алды. Уқаланған өңірін жазып жатып: «Ертең сүйегіме шапан жетпей қалса, – деді ішінен, –Бектемірден қалған жалғыз Ерғабылдың басында түк болмады деген атаққа қалармын». Әлдеқалай шалдың көз алдына өлгеннен кейін мұны жұрттың қалай шығарып салатыны елестеді. Жұрттың бәрі:

– Е-е, қайран дүние кімге опа берген, бұл кісілер де кетті-ау дүниеден. Мұндай кісілер енді тумайды, тумайды, – деп аза тұтып, енді біреулер:

– Шіркін, бала деген осы ғой! Сапабек әкесін қандай қып жөнелтті, ә! Ойпырмай, мұн­­дай ұлы дүбірмен біздің ел­де әлі ешбір шал аттанбаған шы­­ғар, – десін, таңғалысып бара жатқанға ұқсайды. Шал күлім­­сіреп, тая­ғын ұстады». Жал­­пы, өткен ғасырдың орта ке­з­інен бас­тап, халқымыздың ұлт­тық болмысы, мінез-құлқы өзгере бастады. Бұған кеңестік кезеңдегі идеологияның ықпалы қатты тиді. Әсіресе көптеген ауыл­ мен қалада қазақ мек­теп­тері жабылып, балалар орысша білім алды. Оның ақыры, ұлтсыздануға алып келді. Осы қасіретті Төлен ағамыз өз шы­ғармасында шым-шымдап отырып, әсерлі баяндайды.

Ерғабыл шал балаларының келгеніне шынымен қуанса да, аяқ-қолы жалаңаш келіні мен немересін шақырғанына келмей, орысша сөйлегеніне іштей қырыстанып қалады. Ол баласының таусылып бітпейтін мылжың әңгімесіне жыны ұстап шаңыраққа қарап, ойланып жата­ды. Автор осы жердегі қа­рия­ның жан дүниесіндегі алай-дүлей болып жатқан сәтті мына бір эпизод арқылы шебер жет­кізген.

«– Әй, доғаршы енді, – деді Ерекең шыдай алмай. – Анау өзіміздің Аспандиярға домбыра берші, ән салсын.

– Ал ән тыңдайық, – деп, кисайып жатқан жұрт бастарын көтеріп алды.

Иегі шығыңқы, ірі, қапсағай жігіт кішкене ескі домбы­раның ішектерін арбиған саусақ­тары­мен еріне шертіп, құлағын бұ­рады. Біраз дыңылдатып отырып, сен үшін айтып отырмын дегендей Сапабекке қарап, жуан қоңыр дауыспен жеңіл бір әнді был­қылдатып бастап кетті. Ән­ді толық айтпай, ортасынан үзіп тастап, домбырасын қайта бұ­рады. Ерекең ашық түндіктен жұлдыздарға қарап жатқан. – Әй, айтатын болсаң, айтсаңшы, – деді ақырып. –Кешегі әкең Дүйсенбі домбыра саусағына тиер-тиместе айғайлайтын. Неден мұнша жаман болып тудыңдар? Аспандияр бағанадан осы сөзді күтіп отырғандай, домбыраны тырнаңқырап қағып-қағып жіберіп, тамағын кенеп алды».

«Неден мұнша жаман болып тудыңдар»? Шынында да, өз ұлтымыз бен тілімізден безініп, неге мұнша жаман болып туған ұрпақпыз? Қабырғалы қаламгер осы мәселені дер кезінде бай­қап, оны көркем тіл, ишара емеу­рін­мен бейнелеп дабыл қақса да, бұл тақырыптың қазір де маңызды екенін іштей мо­йын­даймыз.

Бөлісу:
Ұлт болмысын бейнелеген · Egemen Qazaqstan