Жарнама
 
Футбол
3 мин оқу 230

Әліп Әзербайжанның жеңісіне «көмектесті»

<p style="text-align: justify;">Футболдан Ұлттар лигасының үшінші маусымы Қазақстан құрамасы үшін сәтті аяқталды. Айтулы турнирдің алдыңғы екі маусымында ілініп-салынып өнер көрсеткен жерлестеріміз биыл ер кезегі үшке дейін деген ұстанымды басшылыққа алып, Ұлттар лигасындағы басты мақсатына қол жеткізді. Өз тобында бірінші орын алып, &laquo;В&raquo; лигасына тікелей жолдамаға ие болды. Жыл басында ғана &laquo;D&raquo; дивизионына түсіп қалудың аз-ақ алдында тұрған ұлттық құрама ұландары арада алты ай өткенде жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады.</p>

Әліп Әзербайжанның жеңісіне «көмектесті»

«С» дивизионының үшінші тобында Беларусь, Словакия және Әзербайжанмен бірге өнер көр­сеткен Қазақстан ұлттық құ­рамасы соңғы турға дейін төрт ойында жеңіске жетіп, бір матчта тең нәтижеге қол жеткізді. Осы­лайша, мерзімінен бұрын мақсаты орындалған жерлестеріміз же­ңіспен басталған турнирді же­ңіспен аяқтауға ұмтылған еді. Бірақ бесінші турдағы жеңістің эй­фориясы соңғы турдың матчына кері әсерін тигізіп, Ұлттар лигасын былай қойғанда, биылдыққа бірінші рет жеңілістің кермеку дәмін татты. Әзербайжанға сапар шеккен ұлттық құрама өкілдері Бакудегі бәсекеде алаң иелерінен 0:3 есебімен жеңіліп қалды.

Негізі біздің жігіттердің Әзер­байжанмен ең құрығанда тең ойнауға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда қорғаушы Нұрәлі Әліптің болмайтын жерде қызбалыққа салынып, ойын ережесін өрескел бұзуы ұлттық құраманың ірі же­ңілісіне алып келді. Матчтың 30-ми­нутында-ақ «Зениттің» қор­­ғаушысы төреші тарапынан «қы­зыл қағазбен» жазаланып, бірінші таймда әріптестерін қиын жағдайға қалдырды. «Астана Аренада» Беларусь құрамасымен өткен тарихи матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналис­тер Ми­хаил Габышевтен: «Ма­гомед Адиев тактик бапкер ме, әлде моти­ватор ма?» деген сұрақ қойды. Сонда Габышев: «Ол көбіне бізге қажетті сөздерді тауы­п айтады. Соған қарағанда, мотиватор бапкер сияқты», деп жауап берген еді. Иә, Адиев жігіттердің ойынына өзгеріс әкелген мықты мотиватор бапкер шығар, бірақ енді оған қосымша психолог ма­мандығын да меңгеруге тура келіп тұр. Өйткені дәл қазіргі уа­­қытта біздің жігіттерге еуро­па­лық мінез, жеңімпаздық рух же­тіс­пейді. Әйтпесе, кешегі ойын­да ұлттық құрама тең нәти­же көрсетіп, Ұлттар лигасын жо­ға­ры нотада аяқтауға тиіс еді. Бір қа­­теліктің салдары бір ойынға ғана кері әсерін тигізсе мейлі ғой, енді Н.Әліп келесі жылы Еуропа чем­пионатына жолдама беретін плей-офф матчының алғашқысына қатыса алмайды.

Алайда әр нәрсенің өз қайыры бар емес пе?! Осы жеңілістің өзі бас бапкерге қай бағытта жұмыс іс­теу керек екенін айқындап берді. Оны Магомед Адиевтің өзі де мо­йын­дап отыр.

– Бүгінгі жеңіліс маған ауыр тиді. Бір жағынан осылай бол­ға­нына да қуаныштымын. Әрі қарай даму үшін ойланатын және талдау жасайтын дүниелердің бар екеніне көз жеткіздік. Жалпы алғанда, турнир кестесіндегі позициямыз бен жеткен жетістігімізге көңілім толады. Біз үшін бұл – үлкен қадам. Бүгінгі жеңіліс осал тұстарымыздың бар еке­нін көрсетті, – деді бас бап­кер матч­­тан кейінгі баспасөз мәс­лиха­тында.

Біздің топтағы екінші ойында Словакия өз алаңында Бела­русь құрамасын қабылдап, 1:1 есе­бімен тең түсті. Ойындағы есепті бірінші болып қонақтар аш­қанымен, екін­ші таймда алаң ие­лері таразы басын теңестіріп үл­герді.

Осылайша, «С» дивизионының үшінші тобында Қазақстан құра­масы алты ойында 13 ұпай жи­нап, бірінші орынға табан тіреді. Екінші орынды 10 ұпайы бар Әзербайжан құрамасы иеленсе, ФИФА рейтингінде ТОП-50 құра­маның қатарында жүрген Сло­вакия үшінші орынға түсіп қалды. Еншісінде 7 ұпай бар. Ал Беларусь үш ұпаймен соңғы орынға жайғасты. Енді олар «С» ди­визионындағы орнын сақтап қалу үшін електі матч өткізеді.

Бөлісу:
Әліп Әзербайжанның жеңісіне «көмектесті» · Egemen Qazaqstan