ЕАДБ қазақстандық жобаларға инвестициялар көлемін ұлғайтты
<p style="text-align: justify;">Премьер-Министр, Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Кеңесінің төрағасы Әлихан Смайылов қаржы ұйымының басқарма төрағасы Николай Подгузовпен кездесті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>
2022 жылғы ЕАДБ жұмысының алдын ала қорытындылары және келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Мәселен, биыл банк республикадағы жобаларға салынған инвестицияларды $1,2 млрд-қа дейін ұлғайтты, бұл өткен жылдың жоспардағы индикаторлары мен көрсеткіштерінен асып түсті. 2023 жылы ел экономикасының басым салаларына тағы $1,1 млрд бағыттау жоспарланып отыр.
Әлихан Смайылов кооперациялық жобалар санын арттырудың маңызды екенін атап өтті.
«Осы қарқынды сақтап, жобалар пулын кеңейту қажет», деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде Николай Подгузов 2026 жылға дейін Қазақстанда жобаларды іске асыруға кемінде $3,8 млрд көзделгенін хабарлады.
«Келер жылы қаржыландыру кезінде логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, су ресурстарымен, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық беріледі», деді ЕАДБ басшысы.
