АҚШ-та қысқы дауылдан 50 адам көз жұмды
<p style="text-align: justify;">АҚШ пен Канадада қатты дауыл салдарынан кем дегенде 50 адам қаза тапты, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, АҚШ-та дауыл 46 адамның өмірін қиды. Канаданың Британдық Колумбия провинциясында автобус көктайғақ жолда аударылып, тағы төрт адам қаза тапты.
АҚШ-та қаза тапқандардың 18-і Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласының тұрғындары. Өңірдегі дауылдың құрбандары көлікте қалған адамдар болды.
Ұлттық ауа райы қызметі 25 желтоқсанда Буффало әуежайында 1,2 метрге жуық қар жауғанын хабарлады.
Демалыс күндері Нью-Йорк губернаторы Кэти Хочул штаттың көптеген жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру көліктері қар астында қалып қойғанын айтты.
Буффало полиция департаменті қарда жүретін көлік иелеріне іздеу-құтқару жұмыстары бойынша көмек сұрап, онлайн үндеу жариялады.
АҚШ-та 1,8 миллионға жуық үй жарықсыз қалды, мыңдаған рейстер тоқтатылып, кешіктірілді. Канадада кем дегенде 140 000 үй электр қуатынсыз қалды.
