Экономика
2 мин оқу 550

Мұнай нарығындағы монополия

<p style="text-align: justify;">Жер қойнауын пайдаланушылар Энергетика министрлігінің ішкі нарықта шикі мұнайдың барлық өндірілген көлемін сату үшін бірыңғай оператор құру бастамасына қарсы шығып жатыр. Кәсіпкерлер аталған мәселе бойынша &laquo;Атамекен&raquo; ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.</p>

Мұнай нарығындағы монополия

2023 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» және «Petrosun» компаниялары отандық мұ­най өңдеу зауытына алыс қашықтықтағы мұнайдың жалғыз жеткізушісі бола алатыны хабарланған болатын. Кәсіпкерлер ведомство жариялаған бастама салдары мұнай сатып алуды монополияландыруға, сондай-ақ шикізат бағасының төмендеуіне әрі нарыққа қатысушылар үшін қаржылық шығындарға әкелетініне сенімді. Бұған қоса бұл ұсыныс Мемлекет басшысының бизнес-қоғамдас­тық өкілдерімен кездесуінде экономиканы монополиясыздандыру және нарықтарды ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы мәлімдемесіне қайшы келеді.

– Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» бен «Petrosun» қатысуынсыз жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өңдеген өнім үлесі қорлардың шағын және орташа көлемімен 15-20 пайызды құрайды. Оның ішінде мұнай өнімдері нарығының бағасына қандай да бір әсер ете алмайтын сұранысқа ие түрлері АИ-92 және дизель отыны да бар, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы базалық салалар және экология департаментінің басқарушы директоры Дінмұхаммед Құдайбергенов.

Бастама аясында «ҚазМұнайГаз» тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдардан мұнай тоннасын 50 пайыз жеңілдікпен 80-90 мың теңгеге сатып алуды жоспарлап отыр.

– Өндіру көлемі шағын тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдар шикі мұнайды «Қаз­МұнайГаз», «Petrosun» және мұнай өңдеу зауыты арқылы нарық бағасынан 1,5-2 есе төмен бағаға өткізуді орынсыз деп санайды. Бұл жайт нарық қағидаттарына түбегейлі қайшы әрі бәсекелік ортаны толығымен жоя­ды. Үш кәсіпорын мұнай сатып алу және оны жөнелту кезінде «ҚазМұнайГазбен» баға саясатын қандай да бір жолмен үйлестіретін болады», – дейді сарапшы.

Кәсіпкерлер мәселені қайта қарап, «Қаз­МұнайГаз», «Petrosun» және мұнай өңдеу зауы­ты тарапынан мұнай сатып алуға және мұнай өнім­дерін сатуға монополияға заң жүзінде тыйым салуды сұрайды. Сонымен қатар тәуелсіз мұ­най өндіруші ұйымдарға өз мұнайын өзі немесе өзінің еншілес құрылымдары арқылы өң­деуге рұқсат беруді талап етіп отыр.

Палата мамандары мұнай өндірушілерді қолдайды әрі бағаларды реттеуде шешімді шаралар қажет екенімен келісіп отыр. Бұл өз кезегінде ЕАЭО бірыңғай нарығы іске қо­сылғанша әділ нарықтық бағаның алдын ала қалыптасуына алып келеді. Жаңа форматқа ауысуды жеңілдету және әлеуметтік шиеленіс тәуекелдерін азайту мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін шығыстарды өтеу механизмдерін қолдану қажет.

– Баға мәселесін шешудің бір жолы – тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдар үшін мұнай және мұнай өнімдерінің аукциондық сауда-саттық механизмдерін әзірлеу әрі енгізу. Бұл механизмдер шағын өңдеушілерге, соның ішінде барлау, бірлескен барлау және мұнай өндіру кезеңдерінде жұмыс істейтін компаниялар үшін өз мұнайын нарықтық жағдайда өткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті палата мамандары.

Бөлісу:
Мұнай нарығындағы монополия · Egemen Qazaqstan