Экономика
2 мин оқу 243

Дайындықтың дер шағы

<p style="text-align: justify;">Отандық шаруалар алғаш рет көктемгі егіске дайындық қаражатын ерте алып отыр. 2023 жылдың егін егу жұмыстарын жүргізуге Аграрлық несие корпорациясы 23 млрд теңге бөлді. Енді шаруашылықтар көктемге ерте қамданатын болады.</p>

Дайындықтың дер шағы

«Кең дала» бағдарламасын іске асыруға негізінен несие серік­тес­тіктері белсенді қаты­сады. Солардың бірі – «Целиноград» не­сие серіктестігі. Серіктестік Ақ­мола облысының шаруаларын 940 млн теңгеге қаржыландырды. Қар­жы ұйымының басшысы бұл қаражат 2023 жылғы егіс нау­қанын тиімді жүргізуге мүм­кін­дік беретінін жеткізді.

– Шаруалар жыл сайын «Кең дала» бағдарламасы бойынша дайындық қаражатын көктемде алатын. Бұл тиімсіз еді. Биыл, біріншіден, қаржыландыру кө­ле­мі ұлғайды, екіншіден, егін салу­шылардың мүддесін ескере отырып, корпорация несие шартына өзгеріс енгізді. Енді шаруа қожалықтары егін егу жұ­­мыс­тарына қажетті ақшаны жел­тоқсан айында алып, тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқышты биылғы бағамен сатып ала алады. Тәжірибе көрсеткендей, көктемге қарай баға 10-15 пайызға көте­ріледі, – дейді «Целиноград» не­сие серіктестігінің басқарма төрағасы Сағадат Әшебеков.

Былтырғы  макро­эко­но­ми­калық жағдайды, егіс және егін жинау науқа­нын­да­ғы шы­ғын­дардың артуын, осы саладағы несие қара­жатына сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, мемлекеттен қо­сым­ша 70 млрд теңге бөлінген бо­латын

– Аграрлық несие корпора­ция­сының қолдауымен былтырғы 5,2 млн гектар егістік жер өңдел­ді. Қаражаттың бір бөлігі – 23 млрд теңге 2023 жылғы егіс жұ­­мыс­тарын қаржыландыруға бағытталған. Аграрлық несие корпорациясы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржы­лан­дыру үшін өз қызметін жетіл­діруді жалғастырады, – деді «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Қаржының ерте бөлінгенінің нәти­жесінде Түркістан облы­сындағы «Ай» шаруа қожалығы көктемде егетін тұқымды сатып ала бастады. Шаруашылық өкілі Бағдат Айбосыновтың айтуынша, бұл шаруаларға ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Күздік дақылды егіп қой­дық. Көктемде 800 гектар жерге бидай, арпа, мақсары және жо­ңыш­қа егуді жоспарлап отырмыз. Тұқымын қазір сатып алып жатырмыз, көктемде әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан не­сие­нің қазір берілгені жақсы. Көк­тем­ге ауыл шаруашылығы техникасын, 25 тонна жанар-жағармай дайындадық. Наурыз айында егін егуді бастаймыз, – деді «Ай» шаруа қожалығының өкілі Бағдат Айбосынов.

Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаржы көлемі 140 млрд теңге болады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Дайындықтың дер шағы · Egemen Qazaqstan