Театр
1 мин оқу 286

Татарстан көрерменін тәнті етті

<p style="text-align: justify;">Биыл ақпан айында көрнекті опера әншісі, әлемге әйгілі әртіс, Қазан қаласының тумасы Федор Иванович Шаляпиннің туғанына 150 жыл толып отыр.</p>

Татарстан көрерменін тәнті етті

Атаулы күнге орай 30 қаңтар мен 28 ақпан аралығында мәдениет пен музыкадағы аса ірі өнер ошақ­тарының бірінен саналатын Мұса Жәлел атындағы Татар академиялық опера және балет театрында XVI ха­лықаралық опера фестивалі өтіп жатыр. Әлемдік деңгейдегі өнер додасына Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Эмиль Сакавов қатысып, шет жұрттың кө­рер­менін шеберлігімен тәнті етті. Ха­лықаралық Шаляпин фестивалі италиялық режиссер Джузеппе Мо­рассидің сахналауындағы Дж. Рос­синидің «Севиль шаштаразы» операсымен ашылды. Эмиль Сакавов фестивальдың ашылу салтанатын­да алғашқылардың бірі болып «Фигаро» партиясын орындап, ерекше мәнердегі шынайы талантымен Та­тарстан көрермендерін баурап алды. Қазақстан опера өнерінің майталманы татар елінің талғампаз тыңдаушысының ықыласына бө­леніп, нағыз бабындағы әрі шебер­лік шыңындағы асқақ өнер иесі екенін дәлелдеп, құшағы десте-дес­те гүлге толса, оның сыртында, қа­зақ опера өнері саңлағының сах­налық өнерін саралаған татар бас­пасөзі, өнертанушылар мен му­зы­калық сыншылардың биік баға­сына ие болды деп хабарлайды Татар опера және балет театрының баспасөз қызметі. Жәлел фестивалін дүбірлеткен Эмильдің әлеуметтік желідегі парақшалары құттықтаулар мен жылы пікірге толы, желі жазы­лушыларының дені дарынды әнші шеберлігінің түп-төркініндегі ізденіс пен тәжірибені атап өткен.

АЛМАТЫ 

Бөлісу:
Татарстан көрерменін тәнті етті · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар