Тұлға
2 мин оқу 461

Ғасырмен құрдас қария

<p style="text-align: justify;">Алматы облысында тұратын 10 соғыс ардагеріне Жеңістің 78 жылдығын көзбен көру бақыты бұйырыпты. Сұрапыл соғыс жылдарының куәгерлеріне 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек.</p>

Ғасырмен құрдас қария

Жалпы, өңірде Жеңістің 78 жыл­ды­ғын мерекелеу қарсаңында аза­маттардың жеке­леген санаттарына әлеу­меттік кө­­мек көрсетуге жергілікті бюд­жеттен 222,7 млн теңге көлемінде бір­жолғы материалдық көмек төлеу жос­парланған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылармен қатар, бұ­рынғы КСРО-ны қорғау, әскери қыз­меттің өзге де міндеттерін атқару ке­зін­де жараланған, мертіккен, мүгедек болған – 137, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамында қызмет еткен – 7, сондай-ақ тәжік-ауған шекара учаскесінде тапсырмалар орындаған – 412, Таулы Қарабақта этносаралық қақты­ғысты реттеуге қа­тысқан – 64 және бас­қа да санат­тағы әскери қызмет­ші­­лерге қаржылай материал­дық көмек көр­сетіледі.

Сонымен қатар жыл басынан облыс бойынша Екінші дүние­жү­зілік соғысының 10 қатысушысы мен мү­гедегіне коммуналдық қызмет (оның ішінде жылыту, ыстық және суық су, газ бен электр тоғы) ақысы үшін ай са­йын 3 ай­лық есептік көрсеткіш мөл­шерінде төлем жүргізіледі. Со­ғыс­қа қатысушылар мен мүгедектер қажетіне қарай есту аппаратын, санаторлық-курорттық жолдаманы, қо­ларбаны, балдақты, протездік-орто­педиялық бұйымды, т.б. түр­лі тех­никалық қосалқы, көмекші, гигие­на­лық құралдарды бірін­ші кезекте алады.

Майданға Талғар ауданынан 2389 азамат аттанып, оның 1441-і қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен. Ерен ерлік көрсеткен талғарлық Николай Воробьев пен Николай Бедренко Кеңес Одағының Батыр­ы атанған. Ал Василий Бабен­ко, Михаил Исаев, Алпысбай Қуанышев «Даңқ» орденін алып, ел ме­ре­йін үстем еткен.

Осы күні Талғар ауданында Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тыс­қан жалғыз ардагер – Легостаев Вячеслав Феодрович қалған. 1923 жылы Талғар қаласында дүниеге келген ол 7 жылдық біліммен 1942 жыл­дың көктемінде майдан шебі­не ат­танады. Алғаш Ашхабадтағы жаяу әскер училищесін тәмамдап, Ка­ли­нин майданына қатысып, Холли, Невель, Великие Луки қалаларын жаудан азат етуде ерлік көрсетеді. Бұдан әрі мото­ат­қыш­тар, ми­но­ментшілер взвод­­тарының командирі болған В.Легостаев Рудне қаласында ауыр жа­ра­қат алып, елге оралады. Талғар қала­сындағы ауылшаруашылық техникумын тәмам­дап, агроном ма­ман­дығы бойынша абыройлы еңбек етеді. Кейін қаржы саласында қызмет ете жү­ріп, зейнет жасына шық­қан соғыс ар­дагерін ел-жұрты әр кез құрметтейді.

Алдағы күзде 100 жасқа толатын ар­да­гер В.Легостаев Отан соғы­сының І және ІІ дәрежелі ордендерімен және мерейтойлық медальдармен мара­пат­талған.

Алматы облысы

Бөлісу:
Ғасырмен құрдас қария · Соңғы жаңалықтар мен оқиғалар