Аймақтар
2 мин оқу 650

Сыр сарбаздарына құрмет

<p style="text-align: justify;">Осыдан 2 жыл бұрын ғана Сыр бойында Екінші дүниежүзілік соғыс соқпағын басқан 11 ардагер бар еді. Кеудесіндегі орден-медальдары жарқырап, қатар басып бара жататын сол қаһармандардың қатары бүгінде сиреп қалды. Кешегі мерекеде облыс орталығында, Қазалы, Сырдария және Шиелі аудандарында тұратын 6 майдангерге 1 млн 500 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Осы алты майдангердің арасында екі қарт биыл жүз жастың жүзін көріп отыр.</p>

Сыр сарбаздарына құрмет

Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданында тұратын ардагер Сәрсенбек Бай­жановтың шаңырағына барып, ақсақалды ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан автокөлік кілтін табыстады. Ғасыр жасаған майдангер Сәрсенбек Байжанұлы өзіне көрсетілген сый-құрметке алғысын айтып, батасын берді.

Шиелі ауданында 1923 жылы дүниеге келген Сәрсенбек Байжанов – 1942 жылы Сталинград шай­қасына қатысқан жауынгер. Елге оралғаннан кейін Түркістан педагогикалық училищесінде оқып, 38 жасында мұғалім мамандығын алып шығады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Шиелі ауданындағы №156 қазақ орта мектебінде жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.

Ал Қазалы ауданынан майданға аттанған Қабақ Смағұл 1942 жылы 19 жасында Тула қала­сын азат етуге қатысқан. Шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғы­сы» ордендерімен марапатталған ол елге оралғаннан кейін есеп саласында 40 жыл еңбек етті. Қарт сарбаздың 100 жасқа толуына байланыс­ты ұйымдастырылған іс-шарада майдангер ауыл­дастарын бастап, қанды қырғыннан оралмаған қаруластарының рухына тағзым етті. «Ғасыр жа­са­ған майдангер» атты жиында жауынгерлер ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойған майдангер елден со­ғысқа аттанған 300-дей азаматтың жартысы ұрыс даласын мәңгі мекен етіп қалып қойғанын айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев майдангерге «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын табыстап, иығына шапан жапты. Іс-шарада «Тамыры терең бәйтерек» атты кітаптың тұсауы кесіліп, жиналған қауым ақындар айтысын тамашалады. Майдангерге көрсетілген құрмет аясында бәйге ұйымдастырылып, білекті жігіттер аударыспаққа шықты. Ардагер батасымен басталған бәйге жүлдесі 3 600 000 мың теңге болып, Жамбыл, Түркістан облыстары, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Арал аудандарынан 50-ден аса жүйрік қосылды.

Қызылорда облысы

Бөлісу:
Сыр сарбаздарына құрмет · Egemen Qazaqstan