Жарысты жалғыз қоламен түйіндеді
<p style="text-align: justify;">Моңғолияның бас шаһары – Ұлан-Батырда ұйымдастырылған дзюдодан «Grand Slam» жарысы өз мәресіне жетті. Әлемнің 45 елінен келген 350 дзюдошы белдескен жарыста ел намысын 17 балуан қорғады.</p>

Екі күнге жалғасқан дүниежүзілік додада жерлестерімізге бір ғана жүлде бұйырды. Ұлан-Батыр татамиінде 81 кило салмақ дәрежесінде белдескен Абылайхан Жұбаназар жарыстың ширек финалына дейін жеткенімен, ¼ финалда жапониялық Кения Охарадан жеңіліп қалды. Дегенмен отандасымыз жұбаныш белдесуінде Бахрейн спортшысы Аскерби Гербековтен басым түсіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Ал бұл сында жерлесіміз жарыс қожайыны Молд-Очир Герелтуяны жеңіп, қола жүлдені мойнында жарқыратты. Абылайхан бастапқы бәсекеде германиялық Доминик Ресселді иппонмен жеңсе, екінші айналымда моңғолиялық Буянцагаан Эрденебатты жарыс жолынан ығыстырды.
Бұл – Абылайханның «Grand Slam» сериясындағы екінші жүлдесі. Ол бұған дейін Грузия астанасы – Тбилисиде өткен «Үлкен дулыға» турнирінің финалында жеңіліп, күміс медаль алған болатын. Ал былтыр дәл осы Моңғолиядағы «Grand Slam» турнирінде 5-орынға табан тіреген еді.
