Күрес
2 мин оқу 204

Балуандар Олимпиада жолдамасына таласады

<p style="text-align: justify;">Парижде алауы тұтанатын Жазғы Олимпия ойындарының басталуына да бір жылдан сәл аса уақыт қалды. Қазір Олимпиада бағдарламасына енген бірқатар спорт түрінен жолдамалар сарапқа салынып жатса, кей спорт түрінен лицен&shy;зиялар енді таратыла бастайды. Мәселен, күні кеше Халықаралық күрес федерациясы (UWW) 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарап&shy;қа салынатын белдесулер қай қалаларда өтетінін мәлімдеді. Яғни Олимпиа&shy;даға дейінгі балуандар бәсекесінің іріктеуі үш кезеңге жалғасып, әлемнің үш қаласында ұйымдастырылады.</p>

Балуандар Олимпиада жолдамасына таласады

Олимпиадаға іріктеу жарыстарының алғашқысы осы жылдың 16-24 қыркүйегі күндері Сербия астанасы Белградта өтетін әлем чемпионаты болмақ. Күз­дегі жаһандық додада Олимпия ойын­дарының бағдарламасына енетін әр сал­мақта 5 лицензия сарапқа салынады. Мұнда қола медаль жолында жеңілген екі балуан өзара күресіп, 5-жолдамаға иелік етеді. Сербияда жалпы саны 90 балуан жолдама иегері атанады.

Ал кейінгі екі кезең 2024 жылға жос­парланған. Оның алғашқысы сәуір айында өтетін құрлықтық іріктеу жарыс­тары болса, соңғысы Ыс­танбұл қала­сын­дағы шешуші іріктеу турнирі. Мәселен, Азия құрлығының іріктеу жарыс­тары 19-21 сәуір күндері Қырғызстанның Бішкек қаласында өтеді. Спортты дамыту дирекциясы­ның мәліметі бойынша, мұнда әр сал­мақта финалға шық­қан екі балуан ғана Париж жолдамасын қоржынға салады. Панамерика чем­пионаты мен сол құрлықтағы іріктеу додасын Акапулько (Мексика) қаласы қабылдайды. Соны­мен қатар Африка мен Тынық мұхиты аймағының елдері Каирде (Мысыр), Еуропаның бозкілем шеберлері Бакуде (Әзербайжан) жи­налады. Әр құрлықтағы турнирде 36 квотадан берілсе, барлығы 144 балуан Олимпиадаға барады.

Ал 9-12 мамыр күндері Ыстанбұл қаласындағы қорытынды іріктеу ке­зеңінде (World Olympic Qualifier) әлем балуандары әр салмақтағы ең соңғы 3 жолдама үшін таласады. Осы тұста қола жүлде алған екі спортшы тағы өзара күш сынасып, соңғы ли­цен­зияның иегерін анықтауы керек. Осы­лайша, балуандар қалған 54 жол­даманың тағдыры Түркия бозкілемінде шешеді.

Бұл жерде бір ескере кетер жайт, күрес түрлерінен Олимпиаданың жолдамасы жекелеген спортшыға емес, UWW-ға мүше Ұлттық федерацияларға беріледі. Сәйкесінше, Олимпиадаға кім баратынын сол елдің федерациясы өзі шешеді.

Париж төрінде Токио Олимпиадасы сияқты әр салмақта таңдаулы 16 балуан­ жүлдеге таласады. Күрес түрлерінен Олимпиада бағдарламасына барлығы 18 салмақ дәрежесі енген. Яғни грек-рим күрес бойынша: 60, 67, 77, 87, 97, 130 килодан жоғары, еркін күрес бойын­ша: 57, 65, 74, 86, 97, 125 кило және әйелдер күресі бойынша: 50, 53, 57, 62, 68, 76 кило.

Бөлісу:
Балуандар Олимпиада жолдамасына таласады · Egemen Qazaqstan