Бірінші сыныпқа қабылдау 1 тамызда аяқталады
<p style="text-align: justify;">ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитеті 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау бір аптадан соң, яғни 2023 жылдың 1 тамызында аяқталатынын ескертті, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>
Айта кетсек, өтініш беріп үлгермегендер құжаттарды Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тапсыра алады.
Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі.
Жалпы, құжаттарды қабылдау науқаны 1 сәуірде басталған еді. Осы уақыт ішінде, атап айтқанда 4 айда 350 453 өтініш келіп түсті, бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 71,2%-ы қазақ тілінде оқытатын мектептерді таңдаған.
Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.
