Футбол
2 мин оқу 184

Еурокубокке қайта оралды

<p style="text-align: justify;">&laquo;Астана&raquo; футбол командасы араға төрт жыл салып еурокубоктің топтық кезеңінде доп тебетін болды. Нақтырақ айтсақ, елордалық ұжым UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіне жолдама алды.</p>

Еурокубокке қайта оралды

Бұрнағы күні елордалық команда сырт алаңда UEFA Кон­ференция лигасының плей-офф кезеңі аясында Албанияның «Пар­тизани» клу­бымен қарымта ойын өт­кізді. Алғашқы минуттан ал­баниялық футболшылар шабуылдаумен болды. Оған себеп те жоқ емес еді. Өйткені албаниялық команда бір апта бұрын алғашқы кездесуде «Астанадан» 0:1 есебімен же­ңілген еді. Нәтижесінде, «Эль­басани» стадионына жиналған 6 мың жанкүйердің алдында алаң қожайындары 25-минутта есеп ашты. Бұрыштамадан әуелете берілген допты баспен қақпаға енгізген – Арканж Бинтсука.

Бірақ «Астана» ойыншылары бір апта бұрынғы алғашқы кездесуде өте белсенді ойнап, қа­рымта кездесуде барын салатынына өзіміз де куә болған едік. Жанкүйерлер күт­кендей, Григорий Бабаян шәкірттері сырт алаңда барын салды. Әсіресе екінші кезеңде. Тү­рік төрешісі Абдулқадыр Біті­геннің ысқырығы естіле сала елордалық команда ойын­ды белсенді бастады. Осын­дай белсенділік 46-минутта Ма­рин Томасов таразы басын теңестіруге мүмкіндік туғыз­ды. Есеп – 1:1. Қалған уа­­қытта қос команда қанша мәр­те шабуылдағанымен, есеп өз­геріссіз қалды.

Екі ойынның нәтижесімен «Астана» Конференция лигасы топтық сатысына жолдама алды.

– «Астана» төрт жылдан кейін еурокубоктің топ­тық кезеңіне оралды. Енді қазақ­стандық жан­күйер­лер елор­далық клуб­тың ой­ыншы­лары мен жат­тық­­­тырушылар штабымен мақ­тана алады. Футболшылар өз нәти­же­лерімен Конференция лига­сының топтық кезеңінде ой­науға лайықты екендігін дәлелдеді. Команданың бас бап­кері Григорий Ба­баян­ды құт­тықтаймын, ол қазақ­стандық клубты еурокубок тобына шы­­ғарып қана қоймай, өз нә­ти­жесін қайталай алатын жалғыз отандық маман. Бұл нәтиже қазақстандық фут­­болға одан әрі серпін бе­ретініне сенімдімін, – деді «Ас­­тана» футбол клубы бас директорының кеңесшісі Саян Хамитжанов.

Соңғы рет «Астана» 2019 жылы Еуропа лигасы топ­тық кезеңінде «Манчестер Юнай­тедпен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бір қызығы, «Астана» Чем­пиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция ли­га­сы­ның топтық кезеңіне жолдама алған тұңғыш отан­дық команда болып отыр.

Аталған күні, өкінішке қарай, қостанайлық «Тобыл» Кон­фе­ренция лигасы плей-офф сатысында жарыс жолын аяқтады. Чехияның «Вик­тория Пльзень» коман­дасына қарсы ойнаған қос­танайлықтар сырт алаңда 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Бір апта бұрын елімізде «Тобыл» 1:2 есебімен есе жібер­ген болатын. Айта кетсек, қа­зақ­стан­дық «Ордабасы» және «Ақтөбе» Кон­ференция лигасы үшінші іріктеу сатысында жарыс жолынан шы­ғып қалған еді.

Кеше кешкісін UEFA Кон­­фе­­ренция лигасы топ­тық са­тысының жеребесі Фран­­ция­ның Монако қала­сын­да өтті.

Нәтижесінде, С тобына түс­кен «Астана» хорватиялық «Динамо» Загребпен, чехия­лық «Виктория Пльзенмен» және косовалық «Балканимен» жасыл алаңда кездеседі.

Бөлісу:
Еурокубокке қайта оралды · Egemen Qazaqstan