Мәжілісте трансферт туралы заң жобасы таныстырылды
<p style="text-align: justify;">Мәжілісте Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиевтің жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.</p>

Заң жобасы бойынша Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин баяндама жасап, кепілдік берілген трансферт мөлшері 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ долларын, одан кейінгі жылдары барреліне 40,2-41,8 АҚШ долларын құрайтын бюджеттік ережелерге сәйкес кесімді бағамен анықталатынын айтты.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық қор параметрлерінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылатын «Ұлттық қор балаларға» жаңа әлеуметтік бағдарламасы бойынша балаларға төлемдер міндеттемелері ескерілді», деді А.Әмрин.
Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары 80,7-93,3 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр.
Мәжілістің мәліметінше, осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетов жетекшілік етеді. Отырыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлер одан әрі талқыланып, қарастырылады.
