Қалың топтың арасында
<p style="text-align: justify;">Бір күндік үзілістен соң «Испания Вуэльтасы» қайта жалғасты. 16 кезең әйгілі Льенкрес табиғи саябағынан бастау алып, Бехес қаласында өз мәресіне жетті.</p>

Осы екі аралықтағы қашықтық 120,1 шақырымды құрады. Бұл тартыста Йонас Вингегор («Jumbo-Visma») алдына жан салмады. 26 жастағы даниялық велошабандоздың көрсеткіші – 2 сағат 38 минут 23 секунд. Екінші және үшінші орындарды иеленген Жаңа Зеландияның өкілі Финн Фишер-Блэк («UAE Team Emirates») пен Нидерландтың саңлағы Ваут Пулс («Bahrain-Victorious») кезең жеңімпазынан шамамен 50 секундтай қалып қойды. Қазақстанның спортшысы Андрей Зейц («Астана») мәре сызығын 21-болып қиып өтті.
Жалпы есепте Сепп Куссты («Jumbo-Visma») әлі ешкім қуып жете алар емес. Оның көш бастап тұрғанына тоғыз кезең болды. АҚШ велошабандозын өкшелеген Йонас Вингегор одан 29 секунд қалып келеді. Словениялық Примож Роглич («Jumbo-Visma») үшінші орынды иеленуде. Ал «Астананың» үздігі Луис Леон Санчес 49-сатыға тұрақтады.
