Мәдениет
3 мин оқу 210

Дарындылар дараланды

<p style="text-align: justify;">Алматыда әр екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсы да мәреге жетіп, бас жүлде Бакуге кетті.</p>

Дарындылар дараланды

Сонымен биылғы бас жүлде Әзербай­жан астанасы – Бакуден келген Махир Тагизадеге бұйыр­ды. Оған қоса бұл өнерпаз «Қазақ­стан композиторларының туындысын шебер орындағаны үшін» деп аталатын арнаулы сыйлыққа да ие болғанын айта кету керек.

Конкурстың қазылар алқасы­ның төрайымы, КСРО және Қа­зақ­станның халық әртісі, Социа­листік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сый­лықтарының лауреаты, қазақ классикалық өнерінің бұл­бұ­лы Бибігүл Төлегенова салтанатты марапаттау рәсімінде: «Байқауымыздың барша қаты­сушысын, жас орындаушыларды шын жүректен құттықтай отырып, қолдау білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Алматы әкімдігіне, «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорына, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры мен бар­лық демеушілерімізге алғыс білдіремін! Олардың қолдауының арқасында конкурс ойдағыдай өтті.

Бибігүл Төлегенованың Ха­лық­аралық вокалистер конкурсы менің жеке конкурсым емес, бұл – ел мәдениетінің игілігі. Бұл байқау Орталық Азия елдеріндегі класси­ка­лық өнер­дегі жалғыз жоба бол­ған­дық­тан біздің конкурсқа қатысу үшін алыс және жақын шетелдерден көптеген талант иелері келіп, кәсіби опера және концерттік камералық әншілер жиналады. Бұл біз үшін жетістік, қуаныш. Биылғы конкурс әдет­тегідей жоғары деңгейде өтті. Конкурста жаңа таланттар табылып, классикалық өнердің жас қарлығаштары қанат қақты. Дәл осы конкурстың лауреаттары әлемдік сахнаға шығып, еліміздің атын шыға­рады»,
деді.

Осымен он екінші рет өткен халық­аралық байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алған Махир Тагизаде журналистерге берген сұхбатында: «Қуанышым қойныма сыймай тұр, осы кон­курс­қа үш рет қатысқым келсе де сәті түспеген еді. Енді, міне, қатысып қана қоймай, жеңімпаз атандым. Мен өз елімдегі және басқа да көптеген халықаралық конкурсқа қатысқанмын. Бұл жолы Алматыда, Бибігүл Ах­мет­қызының отанында өткен бай­қауға қатысқаныма өте қуаныш­тымын. Қазақстанды екінші үйім деп санаймын. Конкурс талабы бойынша біз қазақ романсын орындадық, одан өзге өзімнің жеке қалауым бойынша финалда «Абай» операсынан ария орындадым. Қазақтың классикалық шығармаларын шыр­қау жанымды рахатқа бөлей­ді», деді.

Гала-концертте Абай атын­дағы Қа­зақ ұлттық опера және балет театры­­­ның симфониялық оркестрі­нің сүйеме­лдеуімен (дири­жері Е.Ахмедья­ров) кон­курс лауреаттары ең танымал клас­сикалық әндерді орындады.

2001 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық байқауға биыл 70-тен аса үміт­керден өтініш келіп түссе, оның 66-сы қатысып, 11 елден жас таланттар бақтарын сынады. Қазақстан, Ресей, ҚХР, Чехия, Люксембург, Италиядан әлемдік опера өнерінің май­талман­дарынан құралған жоға­ры деңгейдегі кәсіби ха­лық­ара­лық қазылар алқасы қатысу­шылардың өнеріне баға берді.

Сонымен бірінші орынға астана­лықтар Азиза Омарова мен Абылай Бекен (Қазақстан) лайықты деп танылса, екінші жүлделі орынды Нұр­ғалым Аманбай (Қазақстан), Аташ Караев (Әзербайжан), Ляньцзе Хао (Қытай) алды. Үшінші орынға Аяжан Қуанышәлиева (Қазақстан), Дияр Нұр­сұлтанов (Қазақстан), Мақсат Саматов (Қазақстан), Галина Цолакян (Армения) ие болды.

Бибігүл Төлегенова ре­пер­туа­рындағы Қазақстан ком­позиторларының әндерін үздік орындағаны үшін Айбек Хай­рулла (Қазақстан) арнаулы сыйлықпен марапатталса, Мәриямгүл Төлегенова атындағы «Үміт» сыйлығын Жоян Ю (Қытай) алып кетті.

Конкурстың үздік концерт­мейстері ретінде Виктория Иванова (Ресей) мен Зәру Жазық­баева (Қазақстан) құрметтен құр алақан қалған жоқ.

АЛМАТЫ

Бөлісу:
Дарындылар дараланды · Egemen Qazaqstan