Елордада бокстан VI жазғы спартакиада өтеді
<p style="text-align: justify;">Бокстан 4 жылда бір мәрте өтетін ерлер арасындағы спартакиада турнирі Астана қаласында ұйымдастырылады. Бокс бәсекесі «Beeline Arena» (Тұран даңғылы, 4/2) спорт кешенінде қарашаның 13-19 күндері аралығында өтеді. Бұл туралы boxingkazakhstan инстаграм арнасынан мәлім болды, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</p>
Аталған жарысқа әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай және еліміздің барлық өңірінен 250-ден астам былғары қолғап шеберлері қатысады.
Жекпе-жектер олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ерлер арасында 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі) бойынша жеңіс тұғырынан көрінетін боксшылар анықталады.
Барлық жұдырықтасу жекпе-жектерін күндізгі 12:00-ден бастап, «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Финалдық жекпе-жектердің чемпиондары 19 қарашада белгілі болады.
Спартакиада жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.
Іс-шара Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен өтеді.
Жарыстың демеушілері: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Sport Qory.
Айта кетсек, бұған дейін бұндай спартакиада 2019 жылы Қызылорда қаласында өткен.
