Құны 2 млрд теңге: Павлодар облысының тұрғынынан киік мүйізі тәркіленді
<p style="text-align: justify;">Павлодар облысының тұрғынынан құны екі миллиард теңге болатын киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>. </p>
Мүйіздерді облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тәркіледі.
Ұсталған Ақсу қаласының 49 жастағы тұрғынының гаражын тінту кезінде киік мүйіздері сақталған 8 жәшік табылды. Жалпы салмағы 170 келіге жуық болатын Қызыл кітапқа енген жануардың 800-ге жуық мүйізі тәркіленді.
«Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бірқатар сараптама тағайындалды, соның ішінде биологиялық және трассологиялық. Ұсталғандардың мемлекетке келтірген зияны шамамен 2 млрд теңгені құрады», деді Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.

