Университет
1 мин оқу 162

Гонконг университетінің филиалы ашылады

<p style="text-align: justify;">Алматыдағы Қ.Сәтбаев университетінің жанынан Гонконг CityU қалалық университетінің филиалы ашылмақ. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.</p>

Гонконг университетінің филиалы ашылады

«Отандық ғылым мен жоғары білім беру саласында тағы да жағымды жаңалық орын алды. Нақты айтсам, Алматыда елі­міз­дің Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Сәтбаев университеті жанынан Гонконг CityU қалалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойдық. Бұл QS рейтингі бойынша 70-орында тұрған әлемдегі ең үздік университеттердің бірінде еліміздің зейінді жастарының білім алуына зор мүмкіндік болмақ», деп жазды министр.

Ведомство басшысының мәлімдеуінше, CityU универ­си­тетінің бірегей тәжірибесі мен тарихы қазіргі жаһандық ең­бек нарығының талаптарына сай бейімделген жоғары білім­ді қысқа мерзім ішінде дамы­ту­дың тиімді моделін қалай қалып­тас­тыруға, сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамыту арқылы қандай табыстарға жетуге болатынын көрсетеді.

«Академиялық жетістіктерге жету үшін Қазақстан әлемдік үздік тәжірибені қабылдауға әрқашан дайын. Біз осы уақытқа дейін 6 шетелдік жоғары оқу орнының филиалын аштық, бұл статистиканы одан әрі өсіріп, шетелдік әріптестеріміздің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты маңызды салаларға жасанды интеллект технологияларын енгізуге баса назар аударуымыз керек. CityU мен Сәтбаев университеті арасындағы ынтымақтастық Қазақстан сту­денттері үшін жаңа перспективалар ашып, олардың білім алу тәжірибесін байытады әрі еліміздегі жасанды интеллект пен инженерия саласындағы инновациялар үшін қосымша мүмкіндіктер береді», деді С.Нұрбек.

Бөлісу:
Гонконг университетінің филиалы ашылады · Egemen Qazaqstan